Қостанай облысы Әулиекөл ауылында үйі өртеніп кеткендерге салынған үйлер жауын-шашын салдарынан су астында қалды.
Үйлердің суреті әлеуметтік желіде таралды. Әулиекөл ауданында үйі жанып кеткендерге жаңа баспаналарының кілттері шамамен он күн бұрын табыс етілген. Қоныс тойын тойлап үлгерместен тұрғындардың жайлары судың астында қалған. Жергілікті билік құрылыстың мерзімінен бұрын аяқталғанын айтқан.
"Наш Костанай" басылымының жазуынша, облыс әкімдігі үйлердің іргетасы судан зақымданбайды деп отыр.
"Әулиекөл ауданындағы өрт салдарын жою аясында салынған үйлерге септик орнату қарастырылмаған, сондықтан уақытша септиктер мердігерлер есебінен жасалды. Бірнеше күн бойғы жылы температура, жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын салдарынан тұрғын үйлердің іргелес аумақтарында су жиналуы байқалады. Сонымен бірге инженерлік-геологиялық зерттеулердің мәліметтері бойынша, үйлер ылғалдан қорғалған, іргетасына су кірмейді, су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде суды сору жұмыстары жүргізілуде”, – деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Берік Таңжарықов.
Қазір үй маңындағы аумақтан су айдау жұмыстары жүргізілуде. Техника сол жерде кезекшілік етеді.
Енді ведомствода Бірлік шағын ауданының тұрғын үйлерінің жеке кәрізіне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Аяқтағаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары орындалады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через