фото: sputnik.kz
Алматы облысының әкімдігі «Ашық НҚА» порталында Қонаев қаласын 2050 жылға дейін дамытудың Бас жоспары жобасын жариялады. Құжатқа сәйкес қаланың инфрақұрылымын дамыту және қалада халықаралық әуежай мен мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
Жобалық кезеңде Қонаев қаласын дамытуға арналған инвестициялар барлығы 4 070 870,47 млн теңгені құрайды. Оның 1,8 трлн теңгесі бірінші кезең құрылысына бөлініп қойған.
Бас жоспар жобасы 2022 жылы әзірленген. Құжатты Қонаев қаласы мен Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері мақұлдаған. Сонымен қатар, жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған.
Жалпы, Қонаев қаласының халық саны 2022 жылғы жағдай бойынша 44 104 адамды құраған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе өсіп, 115,4 мың адамға көбейеді деп болжанады. Ал 2050 жылы 200 мыңға артады. Адам санының артуына байланысты қала халқын жұмыспен қамту үшін 4,2 мыңға дейін жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар құжатта мамандандырылған салааралық индустриялық саябақтар құру мәселесі қамтылған.
«Жоба бойынша екі ірі инфрақұрылымдық инвестициялық өнеркәсіптік және көлік-логистикалық жобаны, атап айтқанда бірінші кезекте 2030 жылға дейін, 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен «Қонаев қаласының халықаралық транзиттік жүк-жолаушылар әуежайының құрылысы» жобасын және 2040 жылға дейінгі аралық кезеңде, 0,5 мың жұмыс орнын құрумен, «Қонаев қаласындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысы» жобасын іске асыру ұсынылады», делінген құжатта.
Сонымен қатар Қонаев қаласының халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін алдағы бірнеше жылда 999,2 мың шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланса, 2030 жалға қарай бұл көрсеткіш 3 206,7 мың шаршы метрге артпақ. Ал 2050 жылы амағы 5 744,9 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынады.
Қонаев қаласындағы мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінің саны артып, жаңадан салынады. Сонымен қатар ауруханалар мен емханалар, стационарлардың құрылысы басталады.
«Жоба бойынша жобалық қуаты 550 төсек-орын болатын қалалық көпбейінді аурухана ғимаратының жаңа құрылысы, сондай-ақ жобалық қуаты 750 төсек-орын болатын облыстық көпбейінді аурухана және «Жаңа Іле» жаңа ауданында жобалық қуаты 100 төсек-орын болатын жаңа кардиологиялық орталық салу жоспарланған», делінген құжатта.
Сонымен қоса, Қапшағай су қоймасында су көлігімен тасымалдау жанданады. Порт ауданында кеме жөндеу шеберханалары бар шағын флот базасы кеңейтіліп, гондола кабиналары бар жолаушылар аспалы жолының құрылысы басталады. Аспалы өткелдің ұзындығы 1,5 шақырымға созылып, Іле өзенінің үстінен өтіп, Қонаев қаласының жаңа шағын аудандарын қаланың қолданыстағы аумақтарымен байланыстыратын болады. Бұл жоба 2050 жылға жоспарланған. Қапшағайдың сол жағалауында ұзындығы 16шақырымға созылатын бульвар мен веложол салынады.
Сонымен қатар өңірде 2030 жылға қарай жаңа полигонның құрылысы басталады. Бұл полигон экологиялық талаптарға сай жасалып, фильтрат топыраққа түспейді және жер асты суларын ластамайтын болады. Атмосфераға зиян келтірмейтіні ескеріледі. Қоқыс мәселесін шешу үшін қазіргі уақытта Алматы және Талдықорған өңірлерінде қоқысты қайта өңдеу зауыттары мен қазіргі заманғы қатты-тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жоспарланған. Бұл зауыттарда заманауи технологиялар арқылы қалдықтардан компост пен биогаз сынды әртүрлі энергия көздерін өндіру жоспарланған.
Бас жоспар бойынша қала ауасын таза ұстау мақсатында қоныстану аймағында орналасқан үш құс фабрикаларын – «Алатау Құс» ЖШС, «Агро Фит Қапшағай» ЖШС, «Agro Food» ЖШС және «Қапшағай Бидайнимдери» ЖШС Солтүстік өнеркәсіптік аймаққа көшіріледі.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через