фото: sputnik.kz
Қазақтың ұлттық қолөнер бұйымы тұскиізге күн сайын сұраныс артып жатыр. Тұскиіз – қазақтың ұлттық төл туындысы. Бұрын аналарымыз матаны шеңбер немесе ағаштан жасалған кермеге керіп қойып, біз кестемен кесте тіккен. Тұскиізді матаны ойып құрап жасайтындар да бар.
Бұл бұйымға қарап үйдегі әйелдің қаншалықты іске икемі бар екенін былайғы жұрт бағалаған. Тіпті қыз көру ырымымен болашақ келін іздеген ауыл жұрты үйдегі тұскиізге қарап, қызына құда түскен көрінеді. Үйінде қолөнер бұйымы жоқ үйдің әйелін көк инеге көлденең жіп сабақтамаған деп білген. Кеңес уақытында кенжелеп қалған ұлттық өнерге қазір сұраныс артты, дейді қолөнер шебері Ақгүл Солтанмұратқызы.
"18 жасымнан бастап осы өнермен айналысып келемін, өзімнің анамнан үйрендім. Бүгінге дейін ешбір дүнием жерде қалған жоқ. Тіккен затым дереу өтіп кетеді", - дейді ол.
Ақгүл Солтанмұратқызы 30 жылдан бері тұскиіз тігумен айналысады. Қазіргі күні әсіресе қыз жасауына қосуға көп тапсырыс береді екен.
"Қазіргі күні көбі қыз жасауына қосу үшін көп тапсырыс береді. Барған сайын мұндай тапсырыстар артып барады. 3,5-5 метрлік тұскиіздерді тігу үшін 1-1,5 ай уақыт кетеді", - дейді Ақгүл Сотанмұратқызы.
Тұскиіздің нарықтағы бағасы да көлеміне қарай. Ал сапасын сынға алатындар жоқ, өйткені тұскиіз үлкен еңбекті қажет етеді. Ол инемен немесе бізкестемен тігіледі. Кесте жібі жібек немесе жүннен жасалады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через