Қазақстанның Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарасында электронды кезек енгізіледі

Қазақстанның Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарасында электронды кезек енгізіледі
фото: https://sputnik.kz

Ақпан айының соңына дейін Қазақстан бойынша тағы төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізілмек. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Электронды кезек жүйесін "CarGoRuqsat" онлайн брондау сервисін "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ мамандары жасап шығарған.

Төрт өткізу бекетінің екеуі Қытаймен шекаралас Абай облысының "Бақты" және Шығыс Қазақстанның "Майқапшағай" кеден бекетінде орналасқан. "Бақты" бекетіндегі "CarGoRuqsat" сервисі 15 ақпаннан бастап, ал "Майқапшағай" бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылады.

Бұған дейін Қазақстан - Қытай шекарасындағы "Достық", "Нұр-Жолы" өткізу бекеттерінде электронды бекет енгізілген. Ал қалған екі бекет еліміздің оңтүстік-батысында орналасқан.

"Темір-Баба" бекетінде 22 ақпанда, ал "Тәжен" бекетінде 27 ақпанда енгізіледі. Екі өткізу бекеті де Маңғыстауда орналасқан. Біріншісі Түркіменстанмен, ал екіншісі Өзбекстанмен шекарада. Бүгінде кезекті броньдау бойынша шамамен 84 мың операция жасалып, 7,5 мың пайдаланушы тіркелген. Жасап шығарушылардың айтуынша, сервис ұдайы жетілдіріліп, жақсартылып келеді. Жуық арада ол "Face ID", яғни адамның келбетін сканерлеумен толықтырылады. Ал шетелдік азаматтар үшін тұлғаны банк картасы арқылы астау қызметі іске қосылады.

"Бізде шетелдік тасымалдаушылар бойынша басқа базалармен интеграция жасалмаған. Тиісінше, айла-шарғы жасау деректері болды. Мәселен, бірнеше шетелдік компания өкілдері мемлекеттік нөмірлерді өзгерту, "сызықша" қойып, "бос орын" қалдыру секілді бір нөмерді түрлендіру арқылы кезек алған. Сөйтіп өз клиенттерінің көлігін жылжытып отырған", - дейді ҚР ҚМ "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ бас маманы Азамат Құрманов.

Сервис іске қосылған екі ай ішінде "Достық" бекеті арқылы шекарадан 1759 көлік өткен. Оның ішінде 1108-і немесе 63 пайызы осы пайдаланушылардың көліктері.

"Пайдаланушы келісімшартын бұзғаны үшін бұл пайдаланушы аккаунты бұғатталған. Егер броньда көрсетілген нөмірлі фуралар шекараға келсе, олар өте алады. Бірақ аталған пайдаланушы кезекті өзгерту немесе қандай да бір броньды жылжыту құқығынан айырылады. Пайдаланушы келісімшартын бұзу дерегі бойынша материалдар құқыққорғау органдарына беріледі. Жасалған пайдаланушы келісімшарттарына сай бұл келісімшартты бұзған пайдаланушылар аккаунтарын бұғаттан шығару 90 күнтізбелік күн өткеннен кейін немесе оған дейін соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады", - дейді Құрманов.

Еске салсақ, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қазақстан - Қытай шекарасының бірнеше бекетінде "CarGoRuqsat" электронды кезек сервисі іске қосылған. Сервисті мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен, қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ жасап шығарған.

"CarGoRuqsat" электронды сервисті енгізу бастамасы Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі. Сервис Qoldau.kz цифрлық платформасында іске қосылған және пайдаланушылар үшін тегін. "CarGoRuqsat" электронды кезек сервисінің міндеті тасымалдаушыларға алдын ала кезек алу мүмкіндігін ұсыну және бұл кезекті жария ету.

Біріншіден, бұл жүк көліктерінің шекарадан өту процесін жеңілдетті. Бұл броньдау кезеңінде-ақ тасымалдаушылардың форматтық-логикалық бақылаудан өтуі есебінен жүзеге асырылады. Жүйе өтініш берушінің салықтар бойынша, ақылы жолдардан жүргені бойынша қарыздардың бар-жоғына, тартқыш пен тіркеменің тіркеуден өткенін тексереді.

Сервистің екінші міндеті – шекарадағы кезекке қатысты заңсыз қитұрқы әрекеттердің жолын кесу.

Қазақпарат