Қазақстаннан шетелге жұмыс іздеп кететін жастардың саны артты

Қазақстаннан шетелге жұмыс іздеп кететін жастардың саны артты
 

2022 жылы Қазақстанның 8 мыңға жуық азаматы жұмыс іздеу мақсатында ел шекарасына асқан. Олардың басым бөлігі – 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар. AstanaTV арнасының мәлімдеуінше, тіл білетін білімді жастар Қазақстандағы еңбекақыны азсынады. Әсіресе, техникалық маман иелері мен дәрігерлер өзге елден нан тауып жүр.

"Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлық аз болды. Мұнда бір айда тапқанымызды Қазақстанда 3-4 айда табамыз. Бұл жұмысымызда үш уақыт тамақ береді. Жататын жеріміз тегін", – дейді Кореяның Пусан қаласында жұмыс істеп жүрген жастардың бірі.

Экономист Ғалымжан Керімбек мұны елдегі еңбекақының төмен болуымен байланыстырады.  

"Қазақстанның өзінде білікті мамандар, жұмысшылар жетіспей жатқан кезде бұл біздің экономикамыздың, оның ішінде өндіріс салаларының құлдырауына, тоқтап қалуына әсер етеді. Біздің жастар 4-5 жыл білім алады да, жұмысқа барайын десе, жалақысы төмен, сондықтан төмен жалақымен жұмысқа барғысы келмейді", – деді экономист.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 923 мың бос жұмыс орны бар. Оның ішінде:
  • есепші мамандығы бойынша – 97 540;
  • күзетші, инкассатор және соған байланысты кәсіптерге – 84 076;
  • дүкен сатушысы және олардың көмекшісіне – 73 368;
  • әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғаліміне – 50 343;
  • автомобиль жүргізушісіне – 49 127;
  • күтім бойынша орта медициналық персоналға – 43 801 қызметкер қажет.

"15 жыл ішінде Қазақстаннан 4,3 мың маман сыртқа кеткен. Олардың көпшілігі – техникалық кәсіпті меңгергендер. Әр үшінші эмигрант – жоғары білімді, әрбір төртіншісі – орта білімді. Мамандар бұл тенденцияны "ақылды, қабілетті адамдардың кетуі" деп түсіндіреді", – дейді арна тілшісі.