Қазақстанға үш шетелдік банк келеді: кредит арзандай ма

Қазақстанға үш шетелдік банк келеді: кредит арзандай ма
фото: © Sputnik / Наталья Селиверстова

Қазақстан нарығына үш шетелдік банк кірсе де, несие арзандауы екіталай. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Президент бүгінгі жолдауында Қазақстанға үш ірі шетелдік банк келетінін жариялаған еді. Парламент кулуарында журналистер Әбілқасымовадан шетелдік банктердің келуі кредиттердің пайызына қалай әсер ететінін сұрады.

Ол елдегі кредиттердің пайыздық мөлшерлемесі Ұлттық банк бекітетін базалық ставкаға байланысты екенін атап өтті.

"Жаңа банк келген күннің өзінде, ол елдегі базалық ставкаға, экономикадағы ақша құнына сүйенеді. Шетелдік банк келіп, өз өнімін басқа ставкамен ұсынады деп күту – бұл олай жұмыс істемейді. Экономикадағы ақша құны бар, қандай жағдай болмасын олар базалық ставкаға назар аударады", - деп түсіндірді Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы нақты қай мемлекеттің банктері келуі мүмкін екенін нақтыламады.

"Бірқатар мемлекеттен инвесторлар келуі мүмкін. Еуропадан немесе басқа Араб мемлекеттерінен. Бірнеше инвестор бар", - деп қысқа қайырды ол.

Қазақпарат