Қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалады

Қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалады
фото: sputnik.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Дербес деректерді қорғау басқармасының басшысы Әділетхан Қабдеш азаматтарымыздың дербес деректері қалай қорғалатынын айтып берді.

«ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына 2022 жылы шілдеде депутаттар бастама жасаған болатын. Негізінен бұл заң жобасында ҚР дербес деректерін күшейту және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер көзделген, - деді ол.

Әділетхан Қабдеш қазіргі күні алаяқтардың іс-әрекеттері көбейіп кеткенін сөз етті.

Азаматтар материалдық тұрғыда көптеген шығын көріп жатыр, - деп айтты басқарма басшысы.

Ол енгізіліп жатқан заң жобасының негізгі өзгерістеріне тоқталып өтті.

Біріншіден, ҚР-ның Дербес деректерді қорғау уәкілетті органына (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – авт.) дербес деректерді қорғау саласына мемлекеттік бақылау функциясын беру. Яғни қазіргі таңда егер біздің уәкілетті органға азаматтар деректеріне қатысты шағым жасаса, онда біз бизнес субъектісіне барып, тиісті тергеу жүргізіп, мән-жайды анықтаймыз. Бұған дейін мұндай функция болған жоқ. Себебі Дербес деректерді қорғау органы 2023 жылы ғана пайда болды. Оған дейін бұл жұмыспен прокуратура органдары айналысты, - деп түсіндірді Әділетхан Қабдеш брифингте.

Ол заңнамаға енгізіліп жатқан өзгеріс туралы айтты. Ол – қағаз тасығыштағы жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмесін жинауға және өңдеуге тыйым салу.

Сонымен қатар Қазақстанда «дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу», яғни «жылыстауы» деген термин енгізіп жатырмыз. Дербес деректердің жылыстауы болған кезде уәкілетті органдардың, дербес деректер базасының субъектілері мен операторлары және ақпараттық қауіпсіздік орталықтарының іс-қимылын біріктірудеміз. Яғни дербес деректер жылыстаған жағдайда азаматтарды нақты хабардар етеміз. Ол eGov немесе 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Мысалы, егер сіздің деректеріңіз жылыстап кетсе, сіз ол туралы білетін боласыз. Яғни алаяқ хабарласқан жағдайда оған алданып қалмауға дайын боласыз, - дейді Әділетхан Қабдеш.

ҚазАқпарат