Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткен

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткен
фото: egemen.kz

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде халық денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінгенін алға тартты. Мемлекет басшысының айтуынша, соның арқасында ел тарихында азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жеткен. 

     Қасым-Жомарт Тоқаев қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық санының күрт азайғанын, қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсергенімізді алға тартты.

     "Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

     Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды”, – деді президент.

     Президент сонымен қатар, "Ұлттық қор – балаларға" бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданғанын жеткізді. Айтуынша, енді небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды.

     Stan.kz