Қазақстандықтар астролог пен тату мастерлеріне жиі жүгіне бастады

Қазақстандықтар астролог пен тату мастерлеріне жиі жүгіне бастады
фото: pixabay.com

Бірінші кредит бюросы ерекше қызмет түрлерін көрсететін мамандардың жұмысына шолу жасады. 

Бюроның Telegram парақшасындағы ақпаратқа сенсек, қазақстандықтар астрологтарға, неке агенттіктеріне, генеалогтар, ит-мысықтың жүнін қырқатын грумерлер мен тату мастерлеріне жиі жүгіне бастаған. 

«Осы мамандардың бәріне ортақ не бар? Олар көрсететін қызметтер — кәдуілгі үйреншікті нәрсе емес. Сондықтан статистика көрсеткіштерін есептеу кезінде олар бір категорияға біріктіріледі. Ұлттық статбюро дерегінше, биылғы 9 айда аталған кәсіп өкілдерінің табысы 380,7 млрд теңгеге жеткен. Қомақты сома. Салыстырып қараңызшы, бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын IT мамандарының өзі 407,3 млрд теңге табыс тапқан» дейді дереккөз. 

Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85% немесе 175,6 млрд теңгеге артқан.

Жыл сайынғы көрсеткіште бұрын-соңды мұндай қарқынды өсім болған емес.

Дегенмен, күшті динамика қазақстандықтардың тиісті бизнеске сұранысының артуына емес, оның «көлеңкеден» шыға бастауына байланысты болуы мүмкін.

Дереккөз inform.kz.