фото: https://sputnik.kz
Қазақстандық тауарлар Түркияда ірі түрік маркетплейсі арқылы сатылады
Қазақстандық тауарлар Түркияда ірі түрік маркетплейсі арқылы сатылатын болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
"Осы жылдың мамыр айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барған уақытта, осы елдің бірқатар компанияларымен келіссөздер жүргізіп, отандық IT-компанияларды таныстырған болатынмын. Солардың бірі, бауырлас елдің нарығында онлайн сауда бойынша көшбасшы компания- Trendyol болатын. Trendyol – Түркия аумағында интернет дүкен арқылы, яғни өздерінің электронды платформасы арқылы тауар жеткізумен және сатумен аналысады",- дейді Бағдат Мусин.
Аталған компания күніне шамамен 1,5 милион тауар сатады. Trendyol-ды Түркияда жергілікті Amazon немесе Alibaba деп атайды. Компанияның құны шамамен 16 миллиард доллар қаржыны құрайды.
"Сапар барысында біз олардың тауарларын Қазақстанға жеткізу бойынша логистикалық мәселелерді пысықтадық, сондай-ақ қазақстандық тауарларды ірі маркетплейс арқылы Түркия нарығына шығарамыз деп келістік. Көптеген қазақстандықтар Trendyol-мен таныс және көбінесе делдалдар арқылы тауарларға тапсырыс беруге тырысады. Бұл, әрине, Қазақстаннан келген клиент үшін жеткізу мерзімі мен бағасына әсер етеді",- дейді министр.
Бастама Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында өз нәтижесін көрсетті. Бүгін аймақтық маркетплейстерге қызмет көрсететін қазақстандық логистикалық компаниялардың бірі -Big Way KZ Түркиялық Trendyol компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Big Way KZ отандық нарықта логистикалық тауар айналымын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан компания. Олардың шетелдік нарыққа шығуына әлеуеттері айтарлықтай зор. Бірлескен келісімнің арқасында енді Қазақстандық тауарлар Түркия нарығына тікелей, делдалсыз сатылатын болады.
"Аталған бастаманың алдағы уақытта нәтижелі боларына сенімдімін. Сондай-ақ, осы ретте түрік тарапымен келіссөздерді өткізуге қолдау көрсеткен Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығына, және Бас консул Әлім Байелге алғыс білдіремін," - деп жазды Бағдат Мусин.
sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через