Қазақстандық құтқарушылар Түркияда 7 адамды үйінді астынан шығарды

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда 7 адамды үйінді астынан шығарды
фото: https://sputnik.kz

Қазақстандық құтқарушылар Түркияның бірнеше қаласында үйінділерді қопару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы уақытқа дейін 7 адам құтқарылды.

"Бүгінгі таңда қазақстандық құтқарушылар аман қалған 7 адамды медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды", - делінген төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ресми хабарламада.

Ал ТЖМ апаттар медицинасы орталығында зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Газиантеп қаласында пневмокаркасты модуль негізінде медициналық бекет орнатылды, ол жеке құрамды жылыту үшін де қолданылады. Сол жерде зардап шеккендерге, құтқарушыларға, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына шұғыл көмек көрсетіледі. Күніне орта есеппен 35-тен астам адам медициналық көмекке жүгінеді", - дейді мамандар.

Сондай-ақ күн сайын жеке құрамның жылыту пунктінде зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам жылынады.

Құтқарушылардың бірінші тобы Газиантеп қаласында тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде олар қираған тоғыз қабатты ғимаратты қопарып жатыр. Ол жерде үйінді астынан 4 адам құтқарылды, 4 қаза тапқан әйелдің денесі шығарылды.

Ал құтқарушылардың екінші тобы ішінара қираған алты қабатты ғимараттан қайтыс болған 6 адамның денесін алып шықты. Үшінші топ та алты қабатты үйде жұмыс істеп жатыр. Құрылыс нысаны толығымен қираған. Үйінді арасынан қаза тапқан 4 адамның денесі шығарылды.

Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға келген сәттен бастап іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны бірден Нурдагы қаласына барған. Ол Газиантептен 69 шақырым шалғай жерде орналасқан. Олар көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды – ер адам мен екі әйелді шығарып алды. Қайтыс болған бір адамның денесі табылды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологтар жіберілді. Ол жақта 9-10 ақпан күндері толығымен қираған алты қабатты үйде қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.

Қазақпарат