Қазақстандық "Айқай" фильмі Францияның халықаралық кинофестивалінде гран-при жеңіп алды

Қазақстандық "Айқай"  фильмі Францияның халықаралық кинофестивалінде гран-при жеңіп алды
фото: © AFP 2024 / Stan Honda

Кинокартина бұған қоса Орта Азия киносыншыларының "НЕТПАК" жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген.

Қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың "Айқай" толық метражды көркем фильмі Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде халықаралық қазылар алқасы тағайындаған гран-приді жеңіп алды, деп хабарлайды ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі.

Орталықтың мәліметінше, кинокартина бұған қоса Орта Азия киносыншыларының "НЕТПАК" жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген.

Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы табысталды.

Осылайша төрт бірдей жүлдеге ие болған "Айқай" төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды.

Айта кетері, бұған дейін Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын.

Сонымен қатар, "Айқай" қараша айында Бішкек Халықаралық кинофестиваліне қатысып, фильмнің режиссері Кенжебек Шайқақов Қазылар алқасы ұсынған "Үздік сценарий" номинациясы бойынша арнайы жүлдені иеленді.

Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған "Семей полигоны" құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді.

 ҚазАқпарат