фото: https://sputnik.kz
Қазақстандағы Сбербанк пен ВТБ банктері жаңа инвестор іздеп жатыр
АҚШ Сбербанкке операцияларды тоқтатуға осы жылдың 12 шілдесіне дейін уақыт берді
Ресейлік Сбербанк пен ВТБ-ның Қазақстандағы еншілес банктері меншік иесін ауыстыру үшін жаңа инвестор іздеп жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, санкция жарияланған күннен бастап үш ресейлік банктегі ақша қазақстандық банктерге кетіп жатыр.
"Мұндай шектеулер банктің қызметіне әжептәуір әсер ететінін түсініп, Қазақстандағы Сбербанк пен ВТВ банкі меншік иесін ауыстыру үшін жаңа инвестор іздеп жатыр. Олар банкті сатып алатын әлеуетті инвестор тапқаннан кейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі оларға АҚШ-тың құзырлы органдарынан рұқсат алуға көмектеседі", - деді Әбілқасымова.
Ол қаржы реттеушісі қазақстандық банктерге кесірі тимеу үшін ресейлік банктерге қатысты санкцияларды қатаң сақтап отырғанын атап өтті.
"Біз санкциялық тұлғалар мен ұйымдарға қатысты тыйым салынған операциялар жүргізілмеуін қадағалап отырмыз. Осылайша біз қазақстандық банктерге қайталама санкциялардың таралу тәуекелін төмендетеміз. Жалпы біздің ойымызша, ресейлік еншілес банктердің меншік иесі ауысқан жағдайда, мұндай тәуекелдердің туындау ықтималдығы айтарлықтай төмендейді", - деді ол.
Әбілқасымованың айтуынша, АҚШ Сбербанкке операцияларды тоқтатуға осы жылдың 12 шілдесіне дейін уақыт берді. Осы күнге дейін банк клиенттер үшін кез келген операцияны, соның ішінде шетелдік валютада жүзеге асыруға құқылы.
"Бұл операцияларды біртіндеп тоқтату деп аталады. Яғни олар осы кезеңде заңды және жеке тұлғалардың депозиттері мен салымдарын, соның ішінде шетелдік валютада, басқа банктерге аударады. Клиенттің өзі де жүгініп, басқа банкке аудара алады", - деп түсіндірді Әбілқасымова.
АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы Ресейдің Қазақстандағы үш еншілес банкіне шетелдегі шетелдік валютадағы активтерді бұғаттау бойынша шектеу енгізген.
АҚШ-тың санкциялық тізімінен шығу үшін ресейлік еншілес банктер акционерді толығымен ауыстырып, банк атауын өзгертіп, банкті қайта тіркеуі қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через