фото: https://sputnik.kz
Қазақстанда жұмыспен қамту саласындағы онлайн супермаркет құрылады
Электрондық еңбек биржасы базасында Бірыңғай цифрлық экожүйе немесе басқаша айтқанда, жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызметтер супермаркеті құрылатын болады.
Бұл экожүйе азаматтарды кәсіби жолында: мамандық таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейін қолдап отырады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бүгінде электрондық еңбек биржасы базасында жұмыспен қамту саласындағы болашақ супермаркеттің 6 негізгі құрамдас бөлігінің бесеуі іске асырылды.
"Электрондық еңбек биржасы негізгі элементі – бұл жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң Enbek.kz. Ол 205 жұмыспен қамту орталығынан, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігінен және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңынан бос орындарды шоғырландырады. Бұл алаңда азаматтар бағыттар, кәсіптер және дағдылар бойынша лайықты бос жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер – олардың талаптарына сәйкес келетін қызметкерлерді іздей алады", - делінген ақпаратта.
Министрліктің хабарлауынша, бұл ретте Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігі бар "Шекарасыз жұмыс" бірыңғай іздеу жүйесінің арқасында тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де жұмыс табуға болады.
"Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді де оңай алу мүмкін болады. Өткен жылы 126 мың адам онлайн форматта жұмыссыз ретінде тіркелді. Платформа арқылы азаматтар жұмысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем алуға, субсидияланған жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға, жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару үшін өтініш бере алады. Биыл аталған көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ЭЕБ арқылы 314,2 мыңнан астам адам пайдаланды", – деп, атап көрсетті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через