Қазақстанда жеке детективтердің қызметі заңдастырыла ма?

Қазақстанда жеке детективтердің қызметі заңдастырыла ма?
фото: pixabay.com

Елімізде жеке детективтер туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

«Жеке детективтердің қызметін заңдастыру әріден келе жатқан мәселе. Айталық, қылмыс жасалса, бір дөкей сол өңірдің полиция бастығына бір қоңырау шалып, істі жаптырып тастауы мүмкін. Ал жеке детектив жалдасаңыз ол қызмет міндетіне сай атқарады. Оның тапқан дәлел, дәйектері қылмыстық істі ашуға қосымша дерек болады. Сондықтан бұл саланы құқықтық тұрғыдан реттеу әлдеқашан пісіп-жетілген мәселе деп есептеймін. Жеке детективтерге қойылатын басты талаптың бірі ішкі істер саласында 10 жылдан астам жұмыс істеген болуы тиіс», - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен перспективалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында.

Халық қалаулысының айтуынша, елімізде жеке детективтердің институтын құру керек.

«Оның қызметі республикалық және облыстық деңгейде болғаны абзал. Әзірленіп жатқан жеке детективтер туралы заңнамада оларға лицензия беру жағы қарастырылып жатыр. Ол үшін уәкілетті орган белгіленеді, егер жеке детектив заң талаптарын бұзған жағдайда, уәкілетті орган оның лицензиясын тоқтатуға немесе тартып алуға құқылы. Қазір елімізде жеке детектив қызметі бар, бірақ ол көлеңкелі түрде. Егер біз бұл қызметті заңдастырсақ, бюджетке қаражат түсер еді. Ең бастығы олардың қызметі заңдастырылады», - дейді ол.

Сондай-ақ, депутат елімізде жеке детективтерге қатысты ресми статистикалық мәліметтердің жоқтығын айтты.

«Бүгінгі таңда олар жасырын түрде жұмыс істейді. Яғни коллектор немесе күзет фирмасы арқылы тағы сол сияқты. Олардың қызметі заңмен реттелмегеннен кейін, заң саласында пайдалана алмаймыз. Сонымен қатар олар мемлекетке салық төлеп отырған жоқ. Жеке детективтер аты айтып тұрғандай, жеке түрде қызмет көрсетеді, ол жеке тұлғаға немесе ұйымға болуы мүмкін. Дамыған елдерде аталған қызмет әлдеқашан заңдастырылған», - дейді Абзал Құспан.

Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Президенті ісі басқармасы жанындағы Парламентаризм институты «AMANAT» партиясының қоғамдық саясат институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Жеке детективтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы депутаттар мен Парламентаризм институты ғалымдар және сарапшыларды тарта отырып, ҚР Парламенті Мәжілісімен өзара іс-қимыл жоспары шеңберінде әзірленіп жатыр.

Дереккөз kaz.inform.kz.