Дамыған елдерде тұтынушының құқығы бірінші орынға қойылады. Нәтижесінде, осы құқығын асыра пайдаланатын тұтынушылар тобы қалыптасқан. Олар мысалы, кешке, мерекеге не тойға барса, сәнді киімді, аяқ киімді Amazon.com арқылы тапсырыс беріп алғызып, заттаңба-биркасын алып тастамай, киеді. Бірер күн өткен соң оны кері өткізіп, ақшасын қайтарып алады.
Бүгінде Американың Сиэтл қаласында тұратын экс-алматылық Алтынай Смит осы құқығын алғаш рет қажетке жаратқанын әңгімеледі.
"Дүкеннен өте қымбат туфли сатып алдым. О бастан оны кері қайтаруға ұйғардым. Содан кеш бойы ақырын жүріп, аңдап басуға, тауарға сызат түсірмеуге тырыстым. Ертесіне дүкенге оралдым, тауар ұнамағанын айттым. Америкада тауардың түсі, мөлшер-размері, фасоны, сапасы, басқа қасиеттері клиенттің көңілінен шықпаса, ол оны кері қайтарып тастауға құқылы. Біздің Қазақстанда базарды айтпағанда, тіпті көптеген ресми дүкендер киімді кері өткізуді құптамайды, сергелдеңге салады, құжаттар толтыртқызады. Мұнда да туфлиді лупамен ұзақ қарап, сызат, дақ жоқ па деп тексеретін болар деп қауіптенгенмін. Жоқ, сатушы тіпті қорапты ашпастан, оны үстелінің астына лақтыра салды да, чек бойынша ақшамды қайтарып берді. Егер қорапқа туфлиді емес, ескі тәпішкемді сала салсам да байқамайды екен", – дейді Алтынай.
АҚШ-қа ауған ресейлік блогер Юлия Дядюра дәл осы жайтты "америкалықтарға өздерін еркін, әрі бақытты сезінуге мүмкіндік беретін факторлардың бірі" ретінде бағалады.
"Америкада дүкендерде сатылатын кез келген дерлік тауар үшін "ұнамаса – қайтарыңыз" қағидаты жүреді. Егер чекте көрсетілген мерзімде қайтарсаңыз, тауардың толық құнын аласыз. Кейде тіпті ол мерзім өтіп кетсе де ақшаны қолма-қол түрде немесе кредиттік картаңызға қайтарады. Жоқ дегенде дүкеннің депозиттік карточкасын ұсынады, сол арқылы кез келген басқа тауарды ала аласыз. Әрине, әр штатта, тіпті әр дүкендер желісінде төл қайтару саясаты (return policy) болуы мүмкін. Бірақ әдетте, тіпті қаптамасы ашылған тамақ өнімдерін де, пайдаланылған шампунь мен сабынды да өткізіп жатады. Ресейде еш дақ түспеген, еш зақым келмеген тауарды да кері өткізе алмайсыз, үлкен жанжал көтеруі мүмкін", – деді Юлия Дядюра.
Оның айтуынша, АҚШ билігі осы арқылы өз азаматтарын қорғау сыртында, экономикаға ұдайы серпін береді, сауда көрігін тоқтаусыз қыздырады. Егер шамалы ұнамаса, үмітті ақтамаса, сапасы көңіл көншітпесе, онда қайтарып тастауға болатынын білетін клиенттер тауар сатып алуға оңай бел буады. Black Friday жаппай сатылымдарында ішке жөңкіле енген сатып алушылар жапатармағай қолына түскеніне жармасып, үйіп-төгіп алып жатады. Онысы түсінікті, ұнамаса, қайтарады.
Ал Қазақстанда клиенттерге он ойланып, жүз толғануға тура келеді. Себебі сауда орындарының кері қайтқан өз тауарын қабылдамауға бағытталған қыңыр, қырсық, кесірлі саясаты бар. Бұған қоса, билік заң жүзінде бекіткен "тиісті сападағы қайтарылмайтын азық-түліктік емес тауарлардың тізімі" бар.
Қазақстанда сапасы төмен, бүлінген, бойға шақ келмеген тауарларды 14 күн ішінде кері әкелуге рұқсат етілген. Бұрын бұл мерзім 30 күнді құраған, бірақ лоббистер Үкімет арқылы оны екі еседен артыққа азайта алды.
Кейбір тауар түрлері сатып алынғаннан кейін кері қайтарылмайды. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының әлгі 30-бабында тиісті сапасы сақталса да қайта алуға жатпайтын азық-түліктік емес тауарлардың толық тізімі берілген, оларға мыналар кіреді:
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
- іш киімді;
- шұлық-ұйық бұйымдарын;
- жануарлар мен өсімдіктерді;
- метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
- ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қайтаруға тыйым салынған.
Айтпақшы, АҚШ-та тауарларды акция-науқандар кезінде сатып алып, оны баға өзгерген соң қымбатыраққа кері өткізуді кәсіпке айналдырғандар бар. Қазақстанда бұған жол бермеу үшін тауар қайтарылған жағдайда, тұтынушымен есептесу үшін сол тауарды сатып алу кезіндегі баға басшылыққа алынатыны заңда көрсетіледі.
Дереккөз nbusiness.kz. Фото: pan.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через