Қазақстанда темекі бағасы күрт өсті

Қазақстанда темекі бағасы күрт өсті
фото: фото: pixabay.com

Қазақстанда бір жылдың ішінде темекі 19,7 пайызға қымбаттаған. Келер жылы оның бағасы тағы өсуін жалғастырады, себебі қаңтардан бастап темекі өнімдерінің ең төменгі бағасы көтеріледі.

EnergyProm порталы мәліметіне сүйенсек, биыл қаңтар-қараша аралығында Қазақстанда 15 млрд темекі және т.б. темекі өнімдері өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен небәрі 0,1 пайызға төмен. Бұл ретте отандық компаниялар темекі мен папиросқа деген сұраныстың тек 45 пайызын қамтамасыз еткен – қалғаны импорт есебінен сатылған. Бұл ретте елімізде қарашада темекі құны 19,7 пайызға жоғарылады. Өңірлер бойынша темекі өнімдерінің бағасы Қостанай облысында (27,6 пайызға) ең көп артқаны байқалған. Одан соң Батыс Қазақстан (25,7 пайызға) мен Солтүстік Қазақстан (24,4 пайызға) облыстарында баға өскені анықталған. Ал Алматы облысында (16,3 пайызға) бұл көрсеткіш, керісінше, әлдеқайда төмен екені хабарланды. Астанада (21,7 пайызға), Шымкентте (19,4 пайызға) және Алматыда да (18 пайызға) темекі бағасы көтерілген. Осы орайда еліміздің барлық өңірі бойынша темекінің орташа құнының өсуі Қазақстандағы жалпы инфляция деңгейінен (10,3 пайызға) жоғары болғаны анықталды. Айта кетейік, темекі өнімдері тек инфляция деңгейінің артуынан қымбаттамайды. Бөлшек тауарлардың ең төменгі бағасының да тұрақты өсуі маңызды рөл атқарады. Мысалы, 2023 жылы 1 шілдеден бастап бір қорап темекінің құны – 60 теңгеге, яғни ең төменгі бағасы 710 теңгеге дейін өскен. Ал 2024 жылы 1 қаңтардан бастап – 770 теңгеге дейін өсуі ықтимал. Сондықтан Қазақстанда келесі жылы да темекі өнімдері қымбаттауы мүмкін. Сондай-ақ темекі өнімдері мен темекі түтінінің әсеріне қатысты жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың жартысынан көбі (55,5 пайызы) темекі өнімдеріне салынатын салық мөлшерін көтеру шешімімен келіседі.

ҚазАқпарат