фото: kz.kursiv
Бұл туралы Қазақстан мен Германия президенттері арасында өткен кеңейтілген құрамда келіссөз барысында мәлім болды.
«Сіздің сапарыңызды асыға күттік. Бұл сапар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беру үшін өте маңызды. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өзара ынтымақтастығымызға, халықаралық ұйымдардағы іс-әрекетімізге, сондай-ақ геосаяси жағдайға қатысты көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі әрі ашық пікір алмастық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне баса мән берілді. Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Энергетика, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін жер металдарын игеру және ауыл шаруашылығы салалары екіжақты қатынастардың маңызды бағыттары саналады.
«Осы ретте Мемлекет басшысы неміс компанияларын Қазақстандағы жасыл энергетика саласына инвестиция құюға шақырды. Атап айтқанда, тараптар жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысын бастауды құптады. Оны Svevind Energy неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 50 миллиард долларды құрайды» делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайердің Ақтау қаласына сапарын құптайтынын жеткізді.
«Маңғыстау облысына бару туралы шешіміңізді жоғары бағалаймын. Бұл біздің іскерлік ынтымақтастық саласындағы жетістігіміздің көрінісі деп санаймын. Білуімше, сіз теңіз портына да баруды көздеп отырсыз», – деді Президент.
Өз кезегінде, Франк-Вальтер Штайнмайер Астанаға арнайы шақырғаны және қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол шағын құрамдағы келіссөз табысты өткенін атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.
«Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың жағдайы туралы айтқаныңызды растаймын. Біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың соңғы 30 жылына ғана емес, сонымен қатар сіз айтып өткендей, ынтымақтастығымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына назар аударамыз. Неміс компаниялары Қазақстанға қомақты қаражат құйып келеді және бұл бағыт тек экономикалық саламен шектелмейді. Біздің Президент мырзамен ұстанымымыз ортақ және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға үлкен құрметпен қараймыз. Сіздің және үкіметіңіздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізіп жатқандығы, өлім жазасына мораторий енгізгені, Конституциялық сот құрғаны, Парламентті нығайтқаны Германияда мәлім. Менің ойымша, мұның барлығы бүкіл әлемге белгілі. Сондай-ақ Сіз президент ретінде өз қызметіңізді бастаған кезде әлемге және Қазақстан халқына жариялаған бағытыңызды ұстанып келе жатқаныңыздың дәлелі», – деді Германияның Федералды Президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай келісімдерге қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және климат министрлігі арасындағы Қазақстаннан кәсіпорындар басшыларының біліктілігін арттыру жөніндегі ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен мәлімдеме;
3. Ұлттық геологиялық қызмет пен федералдық геологиялық ғылымдар және табиғи ресурстар институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
4. Жамбыл облысы әкімдігі мен «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС арасында гипсокартон парақтары мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісім;
5. Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру туралы келісім;
6. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен «Rhenus SE & Co. KG» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
7. «DВ Engineering & Consulting GmbH» және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ арасындағы жолаушылар тасымалы және көлік-логистика саласындағы әріптестікті дамыту туралы келісім;
8. «Siemens» технологиясы бойынша ҚР энергетика саласы үшін кернеудің орта класты тарату құрылғыларының өндірісін оқшаулау туралы шарт;
9. Сирек жер металдар қазбаларына геологиялық барлау және оларды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.
Фото: Ақорда
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через