Қазақстанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді

Қазақстанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді
фото: polisia.kz

     Қараша айының соңғы он күндігінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. 

     Министрліктің мәліметінше, саяжайларда, құрылыс объектілерінде, базарларда, шаруа қожалықтарда, жалдамалы пәтерлерде, шалғай жерлерде тексеру жүргізіледі. Операция “құқықтық тәртіп” деп аталады. 

     Алкогольді ішімдік ішу, қоғамдық орындарда мас күйде жүру, белгіленбеген жерлерде темекі шегу, ұсақ бұзақылық жасау, ортақ пайдалану орындарын ластау, тыныштықты бұзу, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға қатаң шаралар қолданылады.

     Полиция есебіне алынған адамдар, маскүнемдер, нашақорлар, аз қамтылған отбасылар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтер жүргізіледі.

     Сонымен қатар жол қозғалысы мәселесіне бақылау күшейтілді. Операцияның негізгі бағыты – қоғамдық тәртіпті сақтауды және көшелердегі профилактиканы күшейту. 

     “Әр қызметкер заң атынан нақты әрекет етуі керек. Азаматтармен сыпайы болуды ұмытпау қажет. Заң бәріне бірдей”, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.

     Stan.kz