Қазақстанда пластикалық ота жасау белең алды

Қазақстанда пластикалық ота жасау белең алды

ҚАЗАҚСТАНДА ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТА ЖАСАУ БЕЛЕҢ АЛДЫ

Кезінде Бөкен би былай депті: Тән сұлулығы қартаяды, жан сұлулығы қартаймайды.Тән сұлулығы мезгілге тәуелді, жан сұлулығы мезгілге тәуелді емес, өзіне өзі тәуелді. Бидің сөзіне құлақ асатын адамдар арамызда болса -- тоқ етері осы. Бірақ пластикалық операциялардың ақша айналымы жүздеген миллион доллар екенін ескерсек, көбісі заңсыз жасалатынын тексерсек, мұның артындағы былық белшеден екенін білу қиын емес.

Федор Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» дегенін оқымаған, естімеген ешкім жоқ шығар. Әлемді құтқаруын қайдам, сол сұлулыққа ұмтылғандардың өзіне құтқарушы керек болып жатыр қазір. Мәселен, қыпша бел болуды құмартқандар қазір қысқа бел болып қалған. Астыңғы үш қабырғаларын алдырып тастап, оны мақтан етіп әлеуметтік желіге салады, желіде желіккендер әлгілердің артынан еріп кете барады. Бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген біздің қоғамға мұндай сорақылық әлі жетпеген шығар, дегенмен, айнаның алдына басқа адам болып отырып, тұрғанда түрін туыстары танымастай бес батпан бояуды бетке жағатын адамдардың дәуіріне ендік.

Джослин Вильденштейн. Күйеуін қатты жақсы көретін азаматша жолдасына арыстандардың ұнайтынын байқаған. Миллиардер күйеуіне тосынсый жасамақ болған әйел пластикалық ота жасап түрін арыстанға ұқсатуға тырысқан. Бірақ, Джослиннің түрін көрген миллиардер дереу  ажырасқан. Артық қылам деп тыртық қылғандардың тағы біреуі 28 жастағы кореялық қыз. Ханг пластикалық бір отадан соң тоқтай алмай пышаққа түсе берген. Дәрігерлер қыз операцияға тәуелді болып кетті деп ота жасаудан бас тартқан. Сол кезде Ханг үйінде инені сұйық майға толтырып бетіне еге бастаған. Сұлу болам деп адасқанның тағы біреуі Деннис Авнер. Мысықтарды ерекше ұнатқан ол бет-әлпетін өзгерткен. Барынша мысыққа ұқсауға тырысыпты. Өкініштісі, Деннис  ақырғы отадан соң  өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды.

Пластикалық операция деген біздің елде де белең алды. Әйтеуәір біреу бетін, біреу қасын, қабағын, ерінін дүрдитіп немесе әжімімен күресіп әлек. Бұрын «бетің қисық болса айнаға өкпелеме» деуші еді, қазіргілер «бетің қисық болса ота жасат» дегенді желеу қылып алған.

Сұлулық құрбандықты талап етеді деп құрбан болып кете жаздағандар туралы әріптесіміз Мақпал Сержанқызы Қазақстан ұлттық арнасынан өткен Мәселе бағдарламасында өзінің шолуын  былай жасапты. – Барлық әйел заты әдемі, әрі сүйікті болғысы келеді. Дегенмен әйел  тек ер адам үшін ғана емес, әлем үшін сұлу болуы  маңызды. Сұлулық әлемді құтқарады деген сөздің өзі қыз-келіншектер қауымына үлкен жүк артқандай. Табиғатынан сұлу жандар жасандылыққа жол бермейді. Әйелдер көштен қалмау үшін барын салып сұлу әрі көрікті болуға тырысады. Бірақ қолдан жасалған сұлулық қажет пе? Әдемі болу үшін әйелдер қандай қадамға барып опық жеп қалады?  Мысалы, Алматыда бірер жыл бұрын 36 жасар Жәмилә Жылқайдарова пластикалық ота жасатамын деп ажал құшты. 4 баланың анасы Ж.Жылқайдароваға жасалған пластикалық ота сәтсіз болған. Тергеу барысында  дәрігердің қателігі анықталып қылмыстық іс қозғалған болатын. Мұндай жағдай елімізде бірінші рет болмаған. Тағы бір мысал осыдан 2 жыл бұрын Оралда орын алған оқиға да көптің есінен кете қоймаған шығар. Мәскеуден келген косметолог қаладағы сұлулық салондарының бірінде 39 жастағы азаматшаға ине салады. Екі бетіне екпе салған кезде қандасымыз Айжан Жақанова дірілдеп-қалтырап, аузынан ақ көбіп ата бастайды. Жедел жеткен дәрігерлер де түк істей алмады, салдарынан 3 баласының анасы жан тәсілім етті. Сот барысында Мәскеуден келген косметологтың Қазақстан аумағында жұмыс жасауға рұқсатының жоқтығы және салонда алғашқы көмек көрсететін медициналық бөлменің болмағаны анықталды. Бірақ, айыпты әйел сот залында босатылды, судья оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Бізде әлі күнге пластикалық ота жасаймыз деп немесе жеңіл екпелер саламыз деп жарнамасы жер жаратын салондар көп. Тек солардың қызметін қадағалап, олардың арнайы рұқсат қағаздарын тексеріп жатқан біреу бар ма деген сауал туады.

 2019 жылы мамыр айында пластикалық отадан кейін 59 жасында Н.Мұртазина көз жұмған. Ол беттің терісін тартып  иек липосакциясын жасатпақ болған. Операциядан кейін әйел комаға түсіп 11 күннен кейін көз жұмды. Сол жылы Алматыдан Денсаулық сақтау министрлігіне 8 сәтсіз жасалған пластикалық отаға шағымданған. Біреуі тіптен жан түршігерлік оқиғаға тап болған. Омырау пластикасын жасатқан әйел ауруханадан шыққан соң кеудесіне салған импланттары қозғалып  арқасынан бірақ шыққан. Дәрігердің қателігі сотта дәлелденді. 

Қазақстанда осыдан 20 жыл бұрын эстетикалық медицина нарығы мүлдем жоқ еді. Қазір сұлулық индустриясы күн санап дамып келеді. Статистикаға көз жүгіртсек 2015 жылдың аяғында ел бойынша 50-ден аса пластикалық хирург болса  2021 жылы арнайы сертификатқа ие хирургтардың саны мыңға жуықтаған.

Елімізде пластикалық хирургия және косметология клиникалар саны көбейіп келеді. Қазақстандықтардың арасында қандай ота жасату танымал. Пластикалық хирургті таңдағанда неге назар аудару керек? Жалпы пластикалық ота қалай жасалады?

Мария Дмитриева пластикалық хирург: Кей адамдар танымал жұлдыздардың суреттерін алып келеді. Осындай болғым келеді дейді. Біз бір бет әлпетінен мүлдем басқа бет әлпетін жасай алмаймыз. Кейде науқастар өздері түсіндіре алмайды. Содан нәтижеге көңілдері толмайды.

Бағлан Түлетаев пластикалық хирург: Хирургияда жүз пайыз кепілдік деген болмайды. Өйткені ол ағза, біз сапалы аппараттармен ота жасап береміз деп кепіл береміз. Алайда ары қарай сауықтыру жағына біз жауап бермейсіз.

Мамандардың сөзінше айына бір хирург шамамен 15-20 ота жасайтын көрінеді. Ал жылына жеке меншік клиникада 500-ге жуық пластикалық операция жасалады. Мұндай отаға 18 бен 65 жас аралығындағы кез-келген адам жүгінеді. Омырау пластикасын көбіне 22- 40 жас аралығындағы әйелдер жасатады.

Бұдан бөлек елімізде ринопластика, яғни мұрын пішінін өзгерту, липосакция – дене майын алу, сондай-ақ, бет терісін және дене терісін тарту сияқты оталар жиі жасалады екен.

Әрине әйел баласының әдемі болуға құштарлығында тұрған еш оғаштығы жоқ. Бірақ әр кезеңнің өз сұлулығы барын ескеріп, әр жасыңда тартымды көрінудің құпиясы өзіңе  деген сенімділіктің болуы екенін ұмытпаған абзал.