Елімізде жалға берілетін баспана құны тағы қымбаттайды. Сарапшылар тамыз айының соңында жалдамалы пәтердің бағасы бірден 10-15 пайызға шарықтайтынын алға тартуда.
Бағаның өсуі әсіресе ірі қалаларда байқалады дейді мамандар.
Жаздың соңғы айында жалдамалы пәтер бағасының өсуі жылда қайталанатын жағдай. Тамызда Нұр-Сұлтан, Алматы сынды алып шаһарға жан-жақтан ағылатын студенттер пәтер іздеп сабылады. Алайда жылжымайтын мүлік мамандары биыл жалға берілетін баспанаға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда еселеп артатынын жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, бағасы ай сайын аспандайтын тұрғын үйді сатып алуға көпшіліктің қалтасы көтермейді.
Оған қоса мемлекеттің пәтер ақысын субсидиялауы жалдамалы үйдің құнына әсер еткен. Бұл үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлінген болатын. Ресейлік компаниялардың елімізге үдере көшуі мен туристердің көбеюі де тұрғын үй нарығындағы қымбатшылыққа себеп дейді Қазақстан риэлторлар қауымдастығының басшылығы.
“Баға енді төмендемейді. Шетелдік компаниялар Алматы, Нұр-Сұлтан сында қалалардан кеңсе ашып жатыр. Туристер көбейді. Ресейден де келіп жатқандар көп. Демек, жалдамалы пәтерге сұраныс бар. Оған студенттер мен үйі жоқтарды қосыңыз. Сондықтан тағы 15 пайызға дейін бағаның көтерілуі болады. Бірақ қыркүйекте кішкене сұраныс азаяды. Сол уақытта баға қайтадан қалпына келуі мүмкін”, – дейді Қазақстан риэлторлар қауымдастығының президенті Александр Пак.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через