фото: https://sputnik.kz
Қазақстанда кейбір тауарлардың қымбаттауына картон себеп болған
Қазақстанда қатырма қағазбен қапталатын өнімдер қымбаттап жатыр: сүт, түрлі сусындар, кондитерлік өнімдер, сыйлықтар және тағы басқалар.
Биылдан бастап өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлердің жұмысы біршама тұралаған. Алматылық кондитер Мария Рышкованың айтуынша, картон бағасының өсуіне байланысты биыл өнімдері 15 пайызға қымбаттаған.
"Қаптама қымбаттап жатыр. Өйткені, отандық өндіріс жоқ. Өзімізде қағаз, картон, тіпті пластик те өндірілмейді. Барлығы сырттан келеді. Қаптамалардың бағасы қымбаттап жатқан соң, біз де өз өніміміздің құнын өсірдік. Құр қол жалғыз тортты ешкімге бере алмайсың. Тұтынушыларға тәтті бүлінбей жету үшін сыртында қорап болады", - дейді кондитерлік цехтың директоры Мария Рышкова.
Мәселен, торттарды қаптайтын қораптардың әрқайсысы осыдан үш ай бұрын 35 теңге тұратын. Ал, қазір мұның бағасы екі есе көтеріліп, 70 теңгеге дейін бір-ақ шығыпты. Сәйкесінше, кәсіпкерлер тәттінің құнын да шарықтатуға мәжбүр.
Картонның қымбаттағанына баспаханалар да шағымданып отыр. Жыл басынан бері материалдардың құны үштен бірге өскен, ал баға күн сайын өзгеріп жатыр.
Қазақстанға шикізат Ресей мен Қытайдан импортталатындықтан, баға рубль мен доллардың бағамына байланысты. Қазір картон мен қағаздың кейбір түрлері логистика, яғни тауар тасымалдау қиындап кеткендіктен тапшы болып отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через