фото: https://sputnik.kz
Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды
Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды, келесі айда нақты тарифтер белгілі болады. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Қосымбаев мәлімдеді.
1 шілде күні коммуналдық қызметтердің тарифін көтеруге тыйым салған мораторийдің мерзімі аяқталған болатын. Содан бастап монополистер мемлекеттік органдарға тарифті көтеру туралы өтініштер жібере бастады.
Соның ішінде электр энергиясының бағасын арттыру мәселесі де бар.
"Біз субъектілердің өтінімдерін қабылдадық. Оны қарау уақыты – 30 күн. Біздің ойымызша, қыркүйек айында қолымызда нақты сандар болады. Жалпы, қымбаттайды", - деді Қосымбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, тарифтер халықтың қалтасына салмақ түсетіндей бірден кымбаттап кетпейді, біртіндеп көтеріледі. Әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да ескеріледі.
"Қазіргі кезде ұлттық банк инфляция деңгейі 8-10 деп отыр. Тарифтер осы көрсеткіштен төмен болуы керек. Бұның барлығы ашық талқыланады. Соның нәтижесінде әрбір тариф бойынша шешім қабылданады", - деп атап көрсетті Қосымбаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через