Қазақстанда бүгін – Еңбек күні

Қазақстанда бүгін – Еңбек күні
фото: gov.kz

Бүгін, 24 қыркүйек елімізде Еңбек күні аталып өтеді.

Бұл мереке 2013 жылы жұмысшы мамандықтарға құрмет көрсету дәстүрін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында азақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен бекітілген. Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісі атап өтіледі.

Елімізде еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі бекітілген.

«Еңбек ардагері» медалі жұмыс өтілі 40 жылдан асқан, оның 10 жылын бір салада істеген, сонымен қатар еңбек қызметінде ең үздік нәтижеге қол жеткізген, зейнет жасына жеткен экономиканың түрлі салаларының жұмысшылары мен тұлғаларына беріледі.
«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі еліміздің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуында айрықша табысқа жеткен азаматтарға табысталады. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұлға Алтын жұлдыз айрықша ерекшелік белгісі мен «Отан» орденіне ие болады. 2016 жылдан бастап елімізде жыл сайын Еңбек күніне және «Еңбек адамын» марапаттауға арналған «Еңбек жолы» республикалық конкурсы өткізіледі. Байқау аталымдарының бірі – «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері». Бұл аталымға лауреаттардың әрқайсысының 20 жылдан астам еңбек өтілі бар. Олар осы жылдардың ішінде жүздеген жас маманды оқытты.

Астанада Еңбек күніне арналған форум аясында жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және еңбек тәрбиесін алдыңғы орынға қойған әулеттердің көпжылдық дәстүрін нығайтуға бағытталған «Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ел азаматтарын Қазақстанды қуатты әрі табысты елге айналдыру үшін еңбек етуге және өзін өзі дамытуға шақырған болатын.

«Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!», - деді еді Президент.

Елімізде Еңбек күнін көптеген кәсіпорын мен еңбек ұжымдары атап өтеді. Мерекеге орай түрлі музыкалық концерттер, үздік еңбек тәлімгері, үздік жас жұмысшы атақтарына арналған тақырыптық байқаулар және басқа да іс-шаралар өтеді.

Дереккөз ҚазАқпарат