Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов әскерден жалтарған азаматтар қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Ғани Артықовтың айтуынша, әскери қызметке барудан жалтарып жүрген жастарға заң осыған дейін де қатал болған. Заң бойынша азаматтар әскерден жалтаратын болса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Болмаса 1000 айлық көрсеткіштен 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
“Алайда осы күнге дейін бірде-бір адам осындай ауыр жазаға ұшыраған жоқ, ірі көлемде айыппұл салынбады. Жастардың көбі заңдық тұрғыдағы жауапкершілік жайынан бейхабар. Әрине, оларды әскери пунктерге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін әскерге барып жатыр”, – деді Ғани Артықов.
Қорғаныс министрлігінің сөзінше, көбіне азаматтар жоғары оқу орындарын аяқтаған соң еліміздің өзге өңірлеріне жұмысқа кетеді. Сол себепті оларды табу қиынға соғады.
“Оқуды аяқтаған жастардың қызмет бабымен жан-жаққа кетіп қалуы көп болып тұр. Бұл мәселені шешудің өте оңтайлы жолы табылды. Қазір жастарға бұрынғыдай тұрғылықты үйлеріне шақыру қағазын апарып, яғни қағаз жүзіндегі шақыру ұсынылмайды. Қазір оларды sms-хабарландыру арқылы шақырып жатырмыз. Осы арқылы бір жағынан бюджетімізді үнемдейтін болсақ, екінші жағынан жастарымыздың қайда жүргені туралы анық мәлімет алып отырмыз”, – деді ол.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через