Қазақстанда апатты мектептер проблемасы қашан шешіледі?

Қазақстанда апатты мектептер проблемасы қашан шешіледі?
фото: Фото: canva.com

Елімізде білім ордаларының құрылысы екпінді жүргізілуде. Жемқорлардан тартып алынған қаржысына 43 жаңа мектеп тұрғызылды.

Үкімет апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды 2019 жылға дейін жоюды жоспарлаған еді. Бұл міндет "Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында" көрініс тапты.

Құжатта 2014 жылдан 2016 жылдар кезеңінде авариялық жағдайдағы мектептер санының 99 бірлікке азайғаны жазылған: 2014–2015 оқу жылында – 136 апатты мектеп болса, 2016–2017 оқу жылында соның 37-сі ғана қалыпты.

Бірақ осы аралықта үш ауысымды мектептердің саны 11 бірлікке: 2014–2015 оқу жылындағы – 95-тен 2016–2017 оқу жылында – 106-ға дейін ұлғайды.

"Нұрлы жол" мембағдарламасын іске асыру шеңберінде 2015–2016 жылдары елімізде 35 мектеп ашылды, ол 27 үш ауысымды мектепті және 5 апаттық мектепті жоюға мүмкіндік берді.

Алайда сонау 1950–1970 жылдары салынған, тозығы жеткен мектептер жыл сайын қирап, авариялық жағдайдағы ғимараттардың қатарын толықтыра берді.

Салдарынан, апаттық мектептерді жою мерзімі де кейінге шегерілумен келді. Онымен күреске бағытталған "Нұрлы жол" бағдарламасының өзі 2022 жылы жойылды.

Енді ел Үкіметі апатты білім ордаларын және үш ауысымды оқытуды 2025 жылға қарай жою жөнінде жаңа меже белгілеп отыр.

Әзірге, 2023 жылы еліміз бойынша 137 мың оқушылық орны бар 165 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Соның арқасында 12 апаттық және 29 үш ауысымдық мектептің мәселесі шешілді. Тағы 210 мектепте жөндеу жүргізілді.

Премьердің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, "2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте" білім беру саласын дамытуға, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыруға 1,7 триллион теңге қарастырылған.

Соның ішінде былтыр "Жайлы мектеп" аясында екі ауысымда 461 мың оқушыға парта ұсына алатын 217 мектептің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылы жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 43 мектеп есігін ашты. Нәтижесінде, елімізде тағы 3 апаттық және 13 үш ауысымды мектептің проблемасы күн тәртібінен алыныпты.

Жалпы алғанда, өткен жылы коррупционерлерден тәркіленіп, "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына" құйылған қаражатқа 62 мектеп салынуға тиіс.

"Бұл қор есебінен барлығы 76 738 оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Жобалардың жалпы сомасы 96 миллиард теңгеден асты. Жемқорлардан алып қойылған осынша қаражат қор арқылы жергілікті әкімдіктердің шоттарына аударылды. Тұтастай алғанда, аталған қорға 150 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Олар мектептерді, қосымша ғимараттар мен интернаттарды қайта жаңартуға, сондай-ақ үш ауысымды оқыту, апатты мектептер мәселесін шешуге және оқушы орындарының тапшылығын жоюға жұмсалды", – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.

Айта кететін жайт, апаттық және үш ауысымдық мектептердің проблемасын жоюға тиіс "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыруға жауапты ретінде "Samruk-Kazyna Construction" АҚ бекітілген.

Компания 2023 жылдың 31 қазанында Үкімет қаулысымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына өзгерістер енгізілгенін еске салды.

Жаңартылған қаулыға сәйкес;

2026 жылға дейін қалалар мен ауылдарда оқушы орындарының ағымдағы және болжамды тапшылығын жабу үшін кемінде 740 мың (екі ауысымда оқыту) жаңа оқушы орны пайдалануға берілмек.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 2,38 триллион теңгеге дейін артылды. Соның ішінде жылдар бөлінісінде: 2023 жылы – 499,9 млрд теңге; 2024 жылы – 976,3 млрд теңге; 2025 жылы – 909,4 млрд теңге шығындалады.

Жайлы мектептерге арналған жиһаз тек "Самұрық-Қазына" қорының "Тауар өндірушілер тізіліміндегі" және "Атамекен" палатасының "отандық өндірушілер тізіліміндегі" өндірушілерден сатып алынуға тиіс. Шетелдік жиһаз өнімдерін импорттауға нарықта оның отандық баламасы болмаса ғана рұқсат етіледі. Отандық баламасы жоғын Өнеркәсіп және сауда министрлігі растауы шарт.

Әйтсе де, атқарушы биліктің шабан қимылына депутаттардың көңілі толмай тұр. Олардың байламынша, бұл қарқынмен апаттық және үш ауысымдық мектептердің түйіні 2025 жылы да тарқамауы мүмкін.

Өйткені елдегі демография жақсарды. Оның үстіне кейінгі үш жылда шетелден Қазақстанға қоныс аударушылар саны күрт өсіп, көші-қонда оң сальдо қалыптасуда. Көшіп келуші отбасылар да өз балаларын мектептерге орналастырады.

Үкіметтің жаңа болжамы бойынша 2040 жылға қарай Қазақстан халқының саны 43,2 миллионға жетуі мүмкін екенін жазды. Бұл мектептер санының да екі еседей артуын талап етпек.

Білім беру саласын дамытуға арналған шығыстар 2023 жылға қарағанда, биыл 287 миллиард теңгеге өсіп, соңғы 6 жылда қаржыландыру көлемі 4 есе артты. Бұған қарамастан, Сенат депутаты Талғат Жүнісовтың айтуынша, "мектептер құрылысының қазіргі қарқыны демографиялық және көші-қон процестеріне ілесіп үлгермеуде".

Былтырғы жылғы 1 қыркүйекте оқушы орындарының тапшылығы 272 мыңды құрады. Мектептерде көп ауысымды оқыту сақталып қалды. Ауылдық мектептердің материалдық инфрақұрылымы қаламен салыстырғанда төмен және ауыл оқушысының мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Сондай-ақ мектептердің тек 39 пайызы ғана жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, бұл цифрлық теңсіздікке соқтырды.

Сенатор Алтынбек Нухұлы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жетілдіре түсу керек деп есептейді.

"Орта білім саласындағы апаттық жағдайдағы мектептерді жою, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 2022 жылы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінде ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 орта мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл басында бекітілгеннен 32 мектепке аз және 102 мың оқушы орнына кем. Бір оқушы орнының құны – мектептің сыйымдылығына байланысты 3,6 миллион теңгеден 8,3 миллион теңгеге дейін көтерілді. Жаңа бағамен есептегенде, 1,5– 2,5 мың оқушы сиятын "жайлы мектептердің" әрқайсысы 5,8–9 миллиард теңгеге түспек", – деді депутат.

Бұған дейін елімізде бір қарапайым мектептің құрылысына, елді мекеннің орналасқан жері мен халық санына байланысты 500 миллионнан 4 миллиард теңгеге дейін ғана жұмсалыпты.

Осыдан Парламент депутаттары Үкіметке: "елімізде оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін "Жайлы мектеп" құрылысын салу қаншалықты тиімді?" деген сауалды төтесінен қойды. Себебі, бір ғана жайлы мектепке жұмсалатын қаражатқа екі-үш қарапайым мектеп салуға болатын көрінеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлттық жоба аясында және басқа да қаржыландыру қорларынан алынатын қаражат есебінен оқушы орнының тапшылығы, үш ауысымдық және апаттық мектептердің мәселесі шешілетініне сенім білдірді.

"Жалпы, елде қалған апаттық мектептердің саны – 52. Сондай-ақ 112 үш ауысымды мектеп бар. Бүгінде оқушы орнының тапшылығы негізінен үш мегаполисте – Астана, Алматы мен Шымкентте және Алматы облысы мен Түркістан облыстарында қалыптасқан. "Жайлы мектеп" жобасының 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектебі осы мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған", – деді министр.

Ал қарапайым мектеп салудан Үкімет бойын аулақ салыпты.

"Бұған дейінгі соғылған қарапайым мектептер мен "Жайлы мектеп" бойынша тұрғызылатын заманауи мектептердің айырмашылығына келсек, ұлттық жобаның мектептерін қажетті барлық заманауи жабдықтармен толық жарақтандыру, қауіпсіздік шараларымен толық қамту қарастырылған. Сонымен қатар, оның бәрінде спорт залдары мен кітапханалары болады. Бастауыш сынып, орта сынып, жоғары сынып балаларына арналған жеке блоктар көзделеді. Олар бір-бірімен араласпай, бөлек оқытылады. Мұндай бұрынғы мектептердің көбінде болмаған. Осы арқылы жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білімі мен саналы тәрбие алуына өте қолайлы жағдай туғызу көзделген", – деді министр Ғани Бейсембаев.

Қалай болғанда, жас ұрпақтың лайықты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы керек. Ол үшін қажетті қаражат жүздеген миллиардтап бөлініп жатыр.

ҚазАқпарат