– Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса Карьералық орталық құрылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
«Бүгінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұл мәселені өздеріңіз де көтеріп жүрсіздер. Бұған қоса Қазақстанда 129 мамандық жойылып барады, 95-і трансформациялануда, 239 жаңа мамандық пайда болады. Осыған орай, халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмысқа тұрудың тиімді жолы ретінде, Павлодар облысының 15 колледжі базасында Жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, тәжірибеден өтті», - деді Е. Тоғжанов.
Оның айтуынша, соның нәтижесінде кадрларға қажеттіліктің 17 өңірлік картасы әзірленіп, қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ мектептерде 7 сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі. Бұл жұмыстарға депутат Саясат Нұрбек жетекшілік ететін болады.
«Сонымен қатар колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құрылмақ. Осындай тәсіл сәтті іске асқан Ақтөбе қаласындағы Экономика, бизнес және құқық колледжінің 188 студентінің 144-і оқуын оқи жүріп жұмысқа орналасты. Алғаш рет жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса Карьералық орталық құрылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары оқу орындарына берілетін гранттар саны 75 мыңға дейін ұлғайтылады. Оның ішінде техникалық және ІТ салаларға гранттар 60%-ға дейін өседі.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланып жатыр. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақтар Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через