фото: triptonkosti.ru
Қазақстанда анимация саласына бет бұрған жастардың саны артып келеді. Бүгінде елімізде 40-тан астам студия бар. Анимация-креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады.
Мультипликатор өнерінің қара шаңырағы «Қазақфильм» киностудиясында жаңа жоба қолға алынды. «Алтын адам» анимациялық фильмі наурыз айында көрерменге жол тартады.
Биыл қазақ анимациясына 56 жыл. Бүгінде қазақ мультфильмінің атасы атанған Әмен Қайдардың жолын қусам дейтін жастар аз емес. Қазір елімізде ірілі-ұсақты 40-тан астам анимациялық студия бар. Солардың бірін Ділшат Рахматуллин басқарады. Тапсырыстың 90 проценті мемлекеттен түседі. Қоржынында «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Ақылды тентектер» сияқты ондаған мульфильм бар. Соңғы жасаған «Бесік жыры» туындысы қазірдің өзінде талай байқаудың жүлдегері атанды.
Ділшат Рахматуллин, анимациялық студия жетекшісі: - Бұл фильм бүкіл әлемді айналып шықты десе болады. Ең басты жүлдеміз Испаниядан келді. Одан кейін Лондоннан, Түркиядан. Соңғысы Қырғызстаннан келді. Құдай қаласа, жылдың соңында көресетілімге береміз.
Ал Мейіржан Сандыбай жетекшілік ететін орталық қазір негізінен шетелмен жұмыс істейді. Америкадан келіп түскен бір ойынның көркемдік шешімін, кейіпкерлерін, қоршаған ортасын жасап жатыр. Олардың бұған дейін түсірген «Сәби» мультфильмі, «Ит» қысқа метражды фильмі көпшіліктің көзайымына айналған. Ал былтыр шыққан «Шырақ» фильмі 80-ге жуық кинофестивальдың тізіміне енген. Ол Ұлыбританияда өткен байқауда ең үздік анимциялық фильм номинациясын жеңіп алған. Мейіржанның пікірінше ел боламын десек, ең алдымен ютуб пен телеарналардағы контентті түзеу керек.
Мейіржан Сандыбай, анимациялық студияның негізін қалаушылардың бірі: - Біздің анимациялық фильмдеріміздің көбі отбасы құндылықтарына арналған. Отбасы құндылықтарын сақтау, отбасы институтын сақтап қалу мақсатында жұмыс істейді. «Шырақ» фильмі де қазіргі таңдағы отбасы жылуының жоғалуына себеп болып жатқан жұмысбастылық, электрондық гаджеттерге деген тәуелділік. Сол мәселенің түйінін шешуге тырысып, өзіндік көзқарасын осы «Шырақ» анимациялық фильмінде ұсындық.
Қазақ анимация тарихында 200-ден астам фильм жасалған. Былтыр «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мамандар осы саланы ілгерілету үшін анимация бөлек отау болса дейді.
Жәнібек Оразалы, "Қазақанимация" шығармашылық орталығының жетекшісі: - Биылғы жылы біз түркітілдес елдерге ортақ аңыз, ертегілер негізінде 10 анимациялық жоба жасап жатырмыз. Осы жақында 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Әзербайжан, Бакуде түркілдес елдердің форумы өтеді. Сол жерде түркітілдес елдердің ертегілер негізінде 14 жоба жасасақ деген ұсыныстар болып жатыр.
Аниматорлар мультфильмдерді кем дегенде 100 сериядан шығарсақ деген ұсыныс айтты. Сонда ол балалардың жүрегінде орын алып, брендке айналады. Міне сол кезде кейіпкерлердің ойыншықтары мен суреттері басылған киім-кешектерін сатып, өнеркәсіпті де дамытуға болады деп есептейді.
Дереккөз 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через