Қазақстан "жасыл" энергетика бойынша әлемдік орталықтың бірі болуға әлеуеті зор

Қазақстан "жасыл" энергетика бойынша әлемдік орталықтың бірі болуға әлеуеті зор

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммитінде сөз сөйледі. 

120-дан астам елдің өкілдері қатысып жатқан Климаттық саммит барысында Мемлекет мен үкімет басшылары климаттың өзгеруіндегі ең өзекті мәселелерге қатысты өз елдерінің ұстанымын білдіретін "ұлттық үндеулер" жасады.

"Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы барынша биік мақсаттар қойып отыр. Осының аясында жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Орталық Азиядағы елдің алғаш болып осындай маңызды құжатты қабылдауы тарихи сәтке айналмақ", — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірістегі "жасыл" энергияның үлесі шамамен 3%-ды құрайды. Бұл ретте оны өндіру көлемін 15%-ға дейін, яғни 2030 жылға қарай қосымша 7 ГВт-қа ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар биыл көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15%-ға төмендету көзделген.

"Қазақстанның "жасыл" энергетиканың әлемдік орталықтарының бірі болуға әлеуеті зор. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығына айналуға және жалпы Орталық Азияны "жасыл" технологияларға көшуге ынталандыруға дайынбыз", — деп атап өтті Премьер-Министр.

Осы орайда ол елімізде "жасыл" сутегі өндірісі мен экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударылатынын айтты.

"Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде білім алмасуды енгізу және "таза" технологияларды беру қажеттігін ерекше атап өткім келеді", — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстан Үкіметі "жасыл" инвестицияларды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр және "жасыл" қаржының бірегей өңірлік инвестициялық орталығы ретінде "Астана" халықаралық қаржы орталығын ұсынуға дайын.

"Сондай-ақ біз жаңа Экологиялық кодекс аясында шаралар қабылдап, 2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызу секілді ауқымды міндетті іске асырамыз", — деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр бүгінде әлемдік қоғамдастықтың бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді бастан кешіріп отырғанын атап өтті.

Дереккөз inbusiness.kz . Фото: eminentenergy.com