Қазақстан және Чехия бизнес өкілдері 230 млн еуроның келісіміне қол қойды

Қазақстан және Чехия бизнес өкілдері 230 млн еуроның келісіміне қол қойды
фото: sputnik.kz

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында Чехиямен бірлескен 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Астанада Қазақстан-Чехия бизнес-форумының қорытындысы бойынша 230 миллион еуро болатын келісімге қол қойылды.

"Чех бизнесінің Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылығының артуы біздің елде инвестициялық ахуалды жақсартуға көп көңіл бөлініп жатқандығының дәлелі. Бізде серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті алғышарттар бар", - деді премьер-министр Әлихан Смайылов форумда сөйлеген сөзінде.

Үкімет басшысы Қазақстан Орталық Азияда инвестициялар тарту бойынша көшбасшы болып қала беретінін айтты. Қазақстан 410 миллиард доллардан астам сомаға тікелей шетелдік инвестициялар тарта алды.

Форум қорытындысы бойынша келісімдерге қол қойылды:

чехиялық Skoda Transportation компаниясымен;

EGAP экспорттық сақтандыру агенттігімен;

Чехия экспорттық банкімен;

transco компаниясымен меморандум және басқа құжаттарға қол қойылды.

Астанада Қазақстан - Чехия бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің үкімет басшылары Әлихан Смайылов пен Петр Фиала, мемлекеттік сектор, ұлттық компаниялар мен іскер топтардың өкілдері қатысты.

Бизнес-форум аясында пленарлық сессия өтті және екіжақты кездесулер болды.

Қазақпарат