Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалында ойнайды

Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалында ойнайды

      Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Литвада өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының финалына шығуға тырысады. Отандық команданың қарсыласы Португалия құрамасы болмақ.  

      Командалар өзара бір-ақ рет ойнаған. 2015 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан құрамасы Португалияны 3:1 есебімен жеңді. Содан кейін, 2016 жылы қазақстандық футзалшылар халықаралық аренадағы ең жоғары жетістікке қол жеткізді – отандастар Еуро-2016 қола жүлдегері атанды.

       Португалия Еуропа чемпионаттарында сәтті өнер көрсетті. 2010 жылы олар финалда испандықтардан ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Ал 2018 жылы олар финалда дәл сол испандықтарды ұтып, ең жоғары сатыға көтерілді.

       Плей-офф кезеңінде жартылай финалға барар жолда Қазақстан негізгі уақытта екі жеңіске жетті: 1/8 кезеңде Тайландты 7:0, 1/4-те Иранды 3:2 есебімен жеңді.

       Португалдықтарға плей-оффтың екі ойынында да жекпе-жекті жалғастыру үшін қосымша уақыт қажет болды. 1/8 финалда сербтерді 4:3 есебімен жеңсе, ал 1/4 финалда испаниялықтардан 4:2 есебімен басып түсті.

       УЕФА-ның жаңартылған рейтингісінде Қазақстан ширек финалда Иранды жеңгеннен кейін 2147 ұпай жинап, үшінші сатыға көтерілді. Португалия 2121 ұпаймен 4-орында. Испания (2254) көш басында, Ресей (2164) екінші орында.

 Мәтіндегі ақрарат туралы