фото: https://sputnik.kz
Қазақстан Пәкістан нарығына 80-ге жуық тауар түрін шығаруға дайын
Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы сомасы 411 млн доллардан асатын 80-ге жуық тауар түрін шығаруға дайын, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұндай келісім Исламабадта өткен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысына жасалды.
"Біздің кәсіпкерлер қазақстандық өнімді Пәкістан нарығына, атап айтқанда дәнді және бұршақты дақылдар, өсімдік майы, макарон, ұн мен кондитерлік өнімдерді экспорттауға, ал Қазақстан өз тарапынан жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға мүдделі. Болашақта біздің ел Пәкістан нарығына 411 млн доллардан астам сомаға әртүрлі салалардағы өңделген тауарлардың 80-ге жуық түрін жеткізуге дайын", - деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Аталған үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тараптар 9 құжатқа қол қойды.
"Жүктер транзиті және тасымалдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазіргі кезде басқа әлеуетті серіктестермен Қостанайдан Хайратонға дейін 2 500 тонна ұн және Пәкістаннан жылына 50 мың тоннаға жуық картоп тасымалдау мәселесін талқылап жатырмыз", - деп тоқталды қазақстандық "Dala Trans" ЖШС коммерциялық директоры Нұрсұлтан Нәжіметдинов.
Дерек көзі: Қаз ақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через