Қазақстан мен Қытай агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Қазақстан мен Қытай агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

     Биыл Қазақстан Қытайға 1 млн тонна жоғары сапалы бидай экспорттауды көздейді.

     Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация сапар барысында осы және өзге де мәселелерді талқылады. Алдымен Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында өңір басшылығымен кездесті. Жергілікті инвесторлар Қазақстан аумағында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, кейін Қытайға экспорттауға бейіл. Делегация Бейжіңде импорт саласындағы жетекші мемлекеттік компаниялардың басшыларымен кездесті. Қытай кеден қызметі басшылығымен бірқатар мәселені талқылады.

     Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:      

     - Келесі кездесуіміз Бас кеден басқармасымен басшыларымен кездесіп, Қазақстан, Қытай екі аралық кеден посттарында процедураларын жеңілдетіп, тездетіп, біздің сапалы өнімдерді өткізіп, мынау Қытай нарығына алып келу мәселелерін талқыладық. Қазір бірқатар құжаттарға қол қояйын деп жатырмыз. Барлығыңыз білесіздер, жақында келесі аптада Сиань қаласында Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия басшылары жиналайын деп жатыр. Ол жақта бірқатар ауқымды, стратегиялық шешімдер де қабылданады. Сол себепті менің іссапарым осы үлкен жиналыстың алдында егжей-тегжей проблемаларды барлығын талқылап, соның бәрін шешу мәселесі болды.    

     Қазақстан делегациясы ауылшаруашылық саласындағы ірі бизнес өкілдерімен де кездесті. Форум барысында министр еліміздің агроөндірісі жөнінде және осы саланы инвестициялау мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Қытай кәсіпкерлері өз ұсыныстарын айтып, теміржол тасымалын арттыру және кейбір ауылшаруашылық өнімдері бойынша өзара стандарттарды үйлестіруге шақырды. 

     Чжао Мэйтин, ауылшаруашылық өнімдерін импорттаушы компанияның өкілі:

     - Қытайға қазақстандық жоғары сапалы өнімдерді импорттау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі форумға мал шаруашылығы және астық өңдеуге маманданған 2 компаниямыз қатысып отыр. Оған қоса өзіміздің тоқыма бұйымдарымызды экспортқа шығаруды қарастырдық. Сәуір айында Қазақстанға барып, қойма салу мүмкіндігін талқыладық. Осы арқылы өнімімізді ТМД елдеріне жеткізуді көздеп отырмыз.

     Ақпарат дереккөзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/599824-aza-stan-men-ytaj-agro-nerk-sip-salasynda-y-yntyma-tasty-ty-ny-ajtpa