Қазақстан биыл өзбекстаннан 1,3 млн долларға кілем импорттады

Қазақстан биыл өзбекстаннан 1,3 млн долларға кілем импорттады

       Қазақстан биыл Өзбекстаннан 1,3 млн долларға кілем импорттады. Екі ел сауда-саттығын түрлі бағытта дамытып келеді.

       Биыл арадағы алыс-беріс 4 млрд долларға жуықтаған. Көршіміз үшін Қазақстан - негізгі экспорттық нарықтың бірі.

       Бұл – Самарқандта 30 жыл бұрын ашылған фабрика. Жібек жіптен кілем тоқиды. Мұндағы ісмерлердің жылдамдығына көз ілеспейді. Саудасы да қызып тұр. Алыстан, жақыннан да келетіндер көп. Ал қазақстандық тұтынушылар үздік бестіктің ішінде. Биыл ісмерлер 1,3 млн доллардың өнімін біздің елге экспорттаған.

       Лайло Нарзилаева, шебер:

       - Мына кілемді 2 айдан бері тоқып жатырмыз. 1 жылда аяқтап, сатуға шығарамыз. Бір ерекшелігі, процесс барысында қалдық қалмайды. Артылған жібек жіппен көрпе-жастық тігеміз.

       Жалпы Өзбекстан кілем саудасынан жылына 40 млн доллардай табыс табады. Олардың дені көрші елдер мен Еуропаға жөнелтіледі. Ал шаруаны негізінен әйелдер атқарады. Темірдей төзім, тынымсыз еңбек керек. Қолөнер туындысы сонысымен құнды. Бағасы ою-өрнектің күрделілігіне қарай 6 мыңнан 80 мың долларға дейін барады.

       Гүлназ Шүкірова, шеберхана менеджері:

       - Бұл нағыз маңдай тердің жемісі. Әйелдер онымен ұзақ уақыт айналысады. Саяхатшылар келген сайын кәсіп иелеріне таңданыспен қарайды. Ежелгі өнерді сақтап келеміз. Шынайы жібек кілемнің тігісі де бөлек болады. Арасы қалың әрі берік келеді.

       Шеберхана - өндірістік туризмнің арнайы бағытына енген. Кез келген саяхатшыны қабылдап, тоқыма ісімен таныстырады. Жібек кілемдер Өзбекстанға келген өзге елдің Президенттеріне жиі сыйға тартылады.

       Алайда нарықта жібек кілем атын жамылып, жалған өнім сататындар да бар. Ал қолдан шыққан дүниенің басты артықшылығы көп жылға шыдас береді әрі түсін де бермейді. Ою-өрнегі мен тігісі де ерекше келеді.

      Ақпарат дереккөзі