фото: help-point.net
Бірлігі бекем, айрандай ұйыған отбасы – қоғамның құты.
Алайда шаңырағы ортасына түсіп, ойран болған отбасылардың саны азаймай тұр. Тіпті еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы 10 елдің қатарына кірген. Мамандар қалыптасқан ахуалға мемлекеттік деңгейде мән беру керек дейді. Өйткені әр шаңырақтың шайқалуымен қоғамның да іргесі әлсірей береді.
Ынтымағы жарасқан, ырысы ұйыған жанұя болуды армандаған жанның бірі – Диана Бақытова. Алайда үміт еткен некенің ғұмыры тым қысқа болды. Тұрмыс құрғаннан кейін күйеуімнің нағыз бет-бейнесін көрдім дейді. Жарымен бір апта тұрған соң ажырасуға бел буады.
Некелері қиылғанымен, босағасы бекімей жатып, шаңырағы шайқалып жатқан отбасылар көп.
Кейінгі 10 жылда бір үдеп, бір бәсеңдеп тұрған ажырасу көрсеткішінің оңалатын түрі жоқ. Мәселен, 2013 жылы елімізде 51 305 ажырасу тіркелсе, 2022 жылы 51220 неке бұзылған. Яғни, қазіргі ахуал 10 жыл бұрынғы жағдайдан еш өзгере қоймаған. Мамандар отбасы институтының трансформациясы біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс дейді. Отбасылық құндылықтардың өзгеруіне экономикалық, әлеуметтік, мәдени факторлар әсер етіп жатыр.
Үйлену оңай болса да, үйлесу қиын заман қазір. Мамандардың пайымынша, ажырасуға отбасын асығыс құру, жастардың жар таңдауға жеңіл қарауы себеп болып отыр. Жаһандану дәуіріндегі мәдени факторлардың да әсері аз емес.
Ажырасудың артында басқа да мәселелер жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Қазақстандық қоғамдық даму институты 2022 жылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, ажырасуға себеп болатын негізгі жағдайларды анықтаған. Айталық, респонденттердің жауабы бойынша ең негізгісі мыналар: ерлі-зайыптылардың біреуінің маскүнемдігі мен нашақорлығы (61,7%), отбасындағы зорлық-зомбылық (51,1%), көзге шөп салу (47%), құмар ойындарына салыну (38,4%). Ажырасу бойынша дүниежүзілік статистикада Қазақстан алдыңғы қатарда. Отандық IT мамандары қоғамды алаңдатқан мәселені заманауи технологиялардың көмегімен шешуді ұсынып отыр.
Отбасылар саны көбейген сайын елдің де көсегесі көгере береді. Алайда Қазақстанда заңды некеге тұратындардың саны азайып келеді. Жастардың арасында азаматтық некені таңдайтындар басым. Бірақ мұндай уақытша одақтан қоғам құбылып, ұлтымыз ұсақталып кетпей ме? Өйткені Отан отбасынан басталады.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через