Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары аясында «ҚазАқпарат» ХАА мен «Сауд ақпарат агенттігі» арасында ақпарат алмасу саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына сапары аясында рәсімделді. Джидда қаласында өткен меморандумға қол қою рәсіміне «ҚазАқпарат» ХАА атынан «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ-ның бас директоры Раушан Қажыбаева, Saudi Press Agency Сауд Арабиясы ақпарат агенттігінің атынан осы агенттіктің президенті Фахад Бин Хасан Аль Огран қол қойды.
Меморандум аясында ақпараттық контент алмасу артады, бұл екі ел аудиториясына күнделікті жаңалықтарды еларалық масштабта бақылап отыруға мүмкіндік береді. Тараптар, сондай-ақ, контент жасау және алмасу саласында да ынтымақтастықты арттыруға ниетті.
Раушан Қажыбаеваның айтуынша, екі елдің ақпарат агенттіктерінің әріптестік орнатуы Қазақстан мен Сауд Арабиясы БАҚ-тары арасында кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қос мемлекеттің ынтымақтастығын артыруға да септігін тигізеді.
«ҚазАқпарат» ХАА — ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан Республикасының ең алғашқы ақпарат агенттігі. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап ол «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ құрамында. Сауд ақпарат агенттігі — Сауд Арабиясы Корольдігінің бірінші мемлекеттік ақпарат агенттігі, 1970 жылы құрылған. Агенттік Сауд Арабиясының БАҚ министрлігінің құрамына кіреді.
Ақпарат дереккөзі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через