Qazaq Air тарихи рейс орындады

Qazaq Air тарихи рейс орындады
фото: sputnik.kz

Әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш және екі бортсерік – экипаждың барлығы тек әйелдерден құралған және бұл әуе компаниясының тарихында бірінші рет тіркеліп отыр

QAZAQ AIR ұшағы тарихи рейс жасады: De-Havilland Dash 8-Q400 әуе кемесінің экипажы толығымен әйелдерден тұрады, деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.

Командир Екатерина Сверчкова мен екінші ұшқыш Ажар Несіпбаеваның басқаруымен лайнер Астана – Петропавл – Астана және Астана – Омбы – Астана бағыттарында ұшты. Әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш және екі бортсерік, яғни экипаждың барлығы тек әйелдерден құралған.

Екінші ұшқыш Ажар Несіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында кабинада гендерлік айырмашылық жоқ деп жазды.

"Командир бар, екінші ұшқыш бар. Әркім өз міндетін атқарады, өз жұмысын біледі. Кеше біз сондай әдемі және қуанышты күйде жұмыс істедік. Айналамыздағыларды таңғалдырып, тағы бір жұмыс күнін көтеріңкі көңілмен өткіздік", - деп эмоциясымен және әдемі суреттерімен бөлісті.

QAZAQ AIR компаниясындағы бірінші әйел ұшқыш Екатерина Сверчкова әуе компаниясына 2018 жылы небәрі 21 жаста келген. Оның үлкен тәжірибесі мен біліктілігі бар. Екатерина 16 жасында алғаш рет өз бетінше ұшқан.

"Авиацияға деген сүйіспеншілігім парашютпен секіру арқылы артты, мен алты жылды осы кәсіпке арнадым. Сол жерде мен авиация және ұшақтарды жақсы тани бастадым. Мен өзімді жеке ұшқыш ретінде сынап көруді жөн көрдім де, азаматтық авиацияда бұл мамандыққа деген сезімім алдамағанын түсіндім", - дейді ол.

Екатеринаның айтуынша, ол авиацияда ешқашан гендерлік стереотиптерді кездестірмеген.

"Әріптестеріме қатысты жолым болды. Барлығы бір-бірімен тату. Мен ешқашан әзіл-қалжың, кемсіту естіген емеспін", - дейді ұшқыш.

Ол ұшқыштардың жұмыс кестесі қиын екенін айтты. Бос уақытында ол тынығып, ұйықтайды, йогамен айналысады және жазғы кештерде жағалауда серуендегенді ұнатады.

Қазақпарат