Кейде көл-көсір табыстың көзін табу үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бар болғаны, нендей еңбектен де ықпайтын ерік-жігеріңіз бен «айналама пайдалы болсам» деген ниетіңіз болса жеткілікті. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кеден батыр ауылының тұрғыны Гүлнәр Есмахан осы сөзімізге дәлел болса керек. 35 жастағы келіншек қазан-таба тазалап, айына миллион тауып жүр.
Гүлнәр бұл кәсіп туралы ең алғаш әлеуметтік желіден көріп-біліпті.
«Instagram желісінде қазан тазалау курсы жүріп жатыр екен. Кез келген әйел асүйдегі ыдыстарының жарқырап тұрғанын жақсы көреді ғой. Қажетіме жарар деп ойлап, әлгі курсқа тіркелдім. Сол жерден таба, қазан, кәстрөлдерді тазалау технологиясын үйрендім. Өзім қолданып қана қоймай, оны бизнеске де айналдыруға болатынын түсіндім. Бұл идеямды жолдасым да қолдай кетті. Сөйтіп, әуелі көрші-қолаңнан, ауыл-аймақтан, ауданнан тапсырыс қабылдап, қазандарын жарқыратып беріп жүрдім. Жолдасым екеуіміз үйді-үйге барып, қазандарын алып кетеміз де, тазалап болған соң кешке апарып береміз. Осы кәсіпті бастағанда анам да үйде еді, ол кісі де шама-шарқынша бізге көмектесіп, шаруамыз осылай дөңгеленіп кетті», – дейді Гүлнәр.
Оның айтуынша, қазан тазалау жұмысына арнайы құрылғы керек. Күнделікті тамақ пісіретін таба, қазандарды қыруға 15-20 минуттай, ал үлкен қазандарды ағартуға жарты сағаттай уақыт жұмсалады. Қызмет құны ыдыстың жай-күйіне, көлеміне байланысты. Орташа деңгейде ластанған табаларды 2 000-2 500 теңгеге, қазандарды
3 000-3 500 теңгеге, ал далалық үлкен қазандарды 10 мың теңгеге айнадай етіп жарқыратып береді.
«Қазан тазалап, күніне кем дегенде 15-20 мың, ал орта есеппен 30-40 мың теңгедей табыс табуға болады. Қазір айына 1 миллионға жуық табыс табамын. Оңай жұмыс емес, әрине. Бірақ алты баламен жүріп те жолдасым екеуіміз бәріне үлгеріп отырмыз. Өзіміздің оң ниетіміздің жемісі, балаларымыздың несібесі шығар. Былтыр осы кәсіптің арқасында көлік те алдық», – деп ағынан ақтарылды кейіпкеріміз.
Айтпақшы, қазір Гүлнәр шеберлік сыныбын өткізу арқылы басқа да қыз-келіншектерді қазан тазалаудың қыр-сырына үйретеді. Қазірге дейін одан 500-ден аса адам бұл кәсіптің құпиясын меңгеріп, кішігірім бизнестерін бастап кеткен.
Қазан тазалаудан бөлек, Гүлнәр кондитерлік өнімдер пісіріп, рецептілерін YouTube желісінде бөлісіп отырады. Әлеуметтік желідегі парақшасына кіре қалсаң, ақжарма алғысын жаудырған қыз-келіншектердің пікірінен көзің сүрінеді. Адал еңбегімен өзі де берекелі бизнес жасап, өзгеге де таудай мотивация беріп жүрген ол болашақта Жаңақорғанда қазан тазалау орталығын ашуды армандайды. Бұл арманын да бір күні бағындырар.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через