Қауіпті жүргізуші жазадан құтылмайды

Қауіпті жүргізуші жазадан құтылмайды
фото: news.myseldon.com, www.ontheroadtrends.com

Еліміздің Ішкі істер министрлігі «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл шараны қолға алудағы басты мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін және олардың мүлкін сақтау.

Жүргізушілердің жолда жүру тәртібін бұзғанын анықтайтын автоматты жүйе маңызды рөл атқарады.

Қазір еліміздің жолдарында 17 мыңға жуық автоматты камера орнатылған. Олардың көмегімен жыл сайын жол үстінде болатын барлық жол-көлік оқиғасының, жол ережесін бұзу дерегінің 40% анықталады. Енді іске қосылған мобильді қосымшада «Сергек» бейнекамералары, Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген», - деп түсіндірді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жергілікті ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Полиция қызметкерлері планшеттегі қосымша арқылы жүргізушінің қазіргі орны туралы мәліметті көре алады. Оның ішінде көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілер; техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз көлік жүргізгендер; оларды ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен жүргізушілер; 10 минут ішінде екі немесе одан да көп жол ережесін бұзғандар туралы мәліметтер бар. Полиция қызметкері «қауіпті жүргізуші» туралы ақпаратты алып, апаттың алдын алу жөнінде шешім  қабылдайды.

Қазіргі таңда еліміздің ірі қалалары: Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте  аталған қосымша арқылы жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Бұл іс-шаралар жол ережесін тиімді бақылауға, жазаны бұлтартпау қағидатын сақтауға арналған. Мұндай тәжірибе мегаполистерде ғана емес жуырда еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады.

 

Фотосурет news.myseldon.com,  www.ontheroadtrends.com сайттарынан алынды