фото: Фото: www.vokrugsveta.ru
2023 жылдың есебі бойынша Қытай әлемде автокөлік сатудан бірінші орынға шықты. Халықаралық сарапшылар өткен жыл "Қытай автонарығының жылы" болды деп отыр. Қарқыны қатты көрші ел автоөндірісінің ары қарайғы қадамы қандай болмақ?
"LMC Automotive", "Jato", "Focus2move" сынды сараптамалық компаниялардың есебіне сүйенсек, өткен жылы әлемде 42,7 млн жеңіл және жеңіл коммерциялық авто сатылған. Бүкіл сатылымның төрттен біріне ие Қытай сенімді түрде көш бастады. Одан кейін АҚШ, үшінші орында Жапония. Ал түрлі санкциялар салдарынан автоөндірісі тоқырап, Қытай көліктерін сатып алуда әлемдегі көшбасшыға айналған Ресей биыл ондыққа да ілінбей қалды. Осылайша Бейжің өнімдерімен әлемдік нарықты жаулауға бағытталған "Made in China 2025" бағдарламасының автокөлікке қатысты бөлігін мерзімінен бұрын орындады.
Жалпы пандемияға дейін бұйығы жатқан қытайлық автоөндіріс 2021 жылдан бастап ұйқысынан оянғандай болды. Сөйтіп, әлемге автокөлік сату жағынан 2021 жылы үшінші орынды иеленіп жүрген Оңтүстік Кореяны, 2022 жылы екінші орынды бермейтін Германияны басып озып, 2023 жылы Жапонияны артқа тастады. Мамандар қазіргі қарқыны сақталса 2024 жылы биыл екінші орындағы АҚШ та, Жапония да Қытайға ілесе алмай қалатынын айтады. Өйткені 2023 жылы әлемнің санаулы аймағын ғана "жаулап" үлгерді. Өткен жылы "Made in China" көліктері Ресей, Мексикада үлкен сұранысқа ие болған. Ал Орталық Азия елдері, Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің автонарығын жарым-жартылай ғана "игерді". Азия елдерінің нарығын жаулау Қытай автоөндірісі үшін қиын тие қоймас. Ауыры Еуропа елдері. Өйткені еуропалық автоөндірушілер Қытай көлікті өз құнынан да төмендетіп әкелуде, мемлекет субсидиямен қорғауда, әділетсіз бәсекелестік орнады, деп Еурокомиссияға шағым түсіруде. Еурокомиссия қыркүйектен бері тексеру жүргізуде. Бірақ, нәтижесі шамалы болатын сияқты. Өйткені Қытай Еуропада электрокөліктер экожүйесін дамыту үшін 24 млрд доллар салған. Еуропалық автоөндірушілерді сатып алып, жеке зауыттарын салуда. Кейбір берндтермен бірлесіп автокөлік шығаруды жоспарлауда. Тіпті Еуропалық автонарықты жаулап алу үшін көліктің өзіндік құнынан да төмен сатуға дайын. Сөйтіп аты еуропалық, заты қытайлық автокөліктерді нарыққа шығарып жіберуге күш салуда. Бейжің бұған да қол жеткізуі әбден мүмкін.
Бейжің автоөндірушілері үшін алынбас қамал болып тұрғаны америкалық нарық. АҚШ билігі "Made in China" көліктерін алғысы келетіндерге көлік құнының 27,5% көлемінде алым енгізген. Америкалықтар бұдан соң, сенімді, отандық Tesla-ны мінгенді жөн көреді. Бірақ "Аспан асты елі" автоөндірушілері үшін Америка нарығынан басқа нарықтар та жеткілікті. Оларды игерген күннің өзінде сенімді, бірақ жүретін гаджетке айналып үлгерген қытай көліктерінің қасында сұрқайылау көрінетін жапон брендтері мен бензинқұмар америкалық "ауыр атлеттер" сатылым жағынан артта қалады. Бұған тіпті талай жылдар бойғы жинаған бедел мен сенімділік те әсер ете алмайтын сияқты. Үш-ақ жылда бүкіл ірі сатушыларды басып озып, әлемдік автонарықты өзгертіп жіберген қытайлық автоөндірістің қырқыны қатты. Алысқа бармай-ақ Қазақстан мысалын алсақ, өткен жылы көлік бағасы түсіп, автосалондар өздігінен жеңілдетілген кредит, бөліп төлеу бағдарламаларын ұсына бастады.
Белгілі автожурналист Олжас Оқас өткен жылы елде жеңіл көліктің орташа құны 2,3%-ға төмендегенін айтады.
"2023 жылы автонарық толықтай қалпына келді. Елімізде авторитейл 60%-ға өсті. Бұл жаңа рекорд. Қазақстанда ешқашан мұнша машина сатылмаған. Биыл мемлекетімізде 200 мың жаңа көлік иесін тапты. Сатылған әрбір үшінші автомобиль Қытай маркасы. Жаңа брендтер қаптады. Соның арқасында бәсеке артқан. Тұтынушы диллерден жеңілдік талап етеді. Тиімді қаржылық бағдарламалар керек. Қара да тұр, көктемге дейін керемет акциялар болады. Өйткені толып тұр! Сатылмаған машиналар көп. Пандемияда бағасы 28 млн теңгеге дейін жеткен "Камридің" "көңіл күйі түсіп кетті", – дейді QAZ Kolesa KZ Youtube арнасындағы шолуында.
Мұны авто саласы туралы жазбасында қаржы шолушысы Ербол Азанбек те растайды.
"Қытай автоөндірісінің автонарыққа әсері биыл да жалғасады. Аяқастынан ұйқыдан оянған батырларша жер-жаһанды жаулап бара жатқан Қытай автоөндірісінің әсері өздерінің ішкі автонарығын "өзгертуден" бастаған. 2023 жылға дейін өз өнімдеріне қарағанда Tesla мен еуропалық көліктерге көбірек аяқ артатын шығыстағы көршілеріміздің өздері де мыналардың сапасына сенейік пе, сенбейік пе деп, абдырап отырғанға ұқсайды. Мұны қытайлық ресурстардан да оқуға болады", – дейді шолушы.
Сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында Қытайдағы ең ірі ақпараттық агрегатор toutiao.com-дағы мамандардың бірінің пікірін жариялаған.
"Қазір автокөліктің түрі көп. Көпшілігі соңғы жылдары (жылы десе де болады) шығарылған, сапасының қандай екенін ешкім білмейді. Маңдай термен жинаған ақшаңызды "тәжірибе қояны" болуға жұмсамаңыз. Көптеген автошығарушылар сатылғаннан кейінгі кепілдік пен дұрыс техникалық қызмет көрсетуіне кепілдік бере алмайды. Сырты мен салоны әдемі, үлкен экраны бар, жылтыраған көлік көрсеңіз жабыса кетпеңіз. Шын мәнінде бұлардың түкке керегі жоқ. Бастысы көліктің сапалы болғаны. Қазір автоөндірушілер бұрынғыдай зерттеуге ақша жұмсамайтын болды. Шығарып жатқан көліктің көбі шикі. Жаңа үлгідегі көліктер жылдам жаңаланады. Бағалары да тұрақсыз. Бұрын көлік сатып алып, 2-3 жыл жүрсеңіз де құнын жоғалтпайтын. Қазір 1-1,5 жылдың ішінде көлік ескі саналады. Өйткені 1 жылға жетпейтін уақытта тура сол көліктің жаңа үлгісі шығады. Әсіресе электрокөліктер жылдам өзгеріп жатыр. Тіпті кейбір үлгілері 2 айдан соң жаңаланып кетіп жатыр. Зауыттар 2 ай бұрын шыққанды ескілеу үлгі деп санап, бағасын арзанға сатады. Сәйкесінше сіздің көлігіңіздің бағасы да құлдырап шыға келеді. Технологиялар тұрақтанғанша сенімді көлігіңіз болса сонымен жүре тұрыңыз. Қазір көлік сатушы адамдар көп. Алушылар аз. Сондықтан нарықта баға төмен. Бұрын 3-5 жылдық автокөліктер сенімді валюта саналатын. Қазір олай емес. Сату қиын, сатсаңыз тек арзанға ғана сатасыз. Бұрын 100 мың юаньға алып, 2-3 жыл мініп, кемінде 60 мың юаньға сатуға болатын. Қазір олай сату мүмкін емес. Өз көлігіңізді сатып жаңасын немесе қолданыста болғанын алайын десеңіз, екі жақтан да баға жоғалтасыз. Қазіргі жаңа көліктер өте арзан көрінгенімен, сіз ала салысымен құны тағы түседі. Сондықтан сенімді көлігіңіз болса, сонымен жүре тұрыңыз. Болашақта қазіргі түсініксіз модельдер түсінікті бола түскенде ауыстыру қиын емес", – дейді қытайлық сайттағы пікір иесі.
Сол сайттағы тағы бір ақпаратта жергілікті автоөндірушілерге сенімнің аздығы туралы айтылған.
"Gaohe Automobile былтыр таяушығыстық миллиардермен 40 млрд юаньдық келісім-шарт жасаған еді. Сол үзіліпті, енді банкрот бола ма, банкрот болса да таңқалмаймыз, бұл қытайлық автоөндірушілер үшін әдеттегі жағдайға айналды. Компания қазір жаңа жобаларын тоқтатқан, қызметкерлерін қысқартып, қалған қызметкерлеріне жеңілдіктерді тоқтатып, өздері соттасуға дайындалып жатыр екен, деген сыбыс бар. Компания мұны жалған ақпарат дегенімен, ІРО талаптарын орындап, сату көлемі туралы есебін жарияламаған. Сондықтан компанияның жағдайы мәз емес сияқты" – деп жазады сайтта.
Мұндағы Gaohe Automobile дегеніңіз HiPhi X, Y, Z деген маркаларды шығарушы.
Қытай көліктерінің 2023 жылы-ақ әлемде сатылмаған бұрыш қалдырмауының бір себебі де осы – сенім мәселесі. Жапон, неміс, тіпті америкалық автобрендтер сияқты өзін дәлелдеп үлгерген жоқ. Әрі түрлерінің смартфондар сияқты жиі жаңаруы да сенімді азайтып отыр. Мысалы, Тойотаның бір үлгісінің жаңару жиілігі 5 жылға дейінгі уақытты құрайды. Осы кезеңде әлемге тарап үлгереді. Бөлшектері де жеткілікті. Ал жыл сайын жаңартын қытай көліктерінің бөлшектері бір-біріне келмей, жаңарып кеткен соң құнын бірден жоғалтатыны бар, сенімге селкеу түсіре береді. Бірақ әлемдік түгілі ішкі нарығында бәсеке жоғары, бір-бірінен асып түскісі келіп, жаңа мүмкіндіктерді көбірек қосып, бағасын түсіріп, жиі жаңартудан жарысқан қытай автоөндірісінің жапониялық байыппен, сапалы көлік шығаруға уақыты жетпейтін, мұршасы келмейтін сияқты.
Сондықтан дәл қазір автонарықты өзгертіп жатқан қытайлық көліктердің 3 жыл көлемінде барлық мүмкіндігі толық белгілі болатын сияқты. Оған дейін жапондық, еуропалық, америкалық автоөндірушілер де қарап қалмас. Бәсеке үшін барын салуы, барын салудың арты жаңа автошешімдер туғызуы бек мүмкін.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через