фото: piterets.ru
Қарағандылық полицейлер екі айда зейнеткерлерді алдаған 23 алаяқты ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.
«Қаланың белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 400-ден астам зейнеткермен түрлі алаяқтықтың алдын алу бойынша кездесу өтті. Егде жастағы адамдарға ертеден мәлім алаяқтық түрлері бұрынғыдан да өсе түскені айтылды. Алаяқтар көбіне үй телефондарына хабарласып, олардың туыстары апатқа кінәлі болғанын, сол үшін жазаға тартылатынын айтады. Оны қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін шұғыл түрде қаражат сұрайды», - деді Ш. Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингіде.
Мәселен, сәуір және мамыр айларында облыстық полиция департаменті осындай алаяқтықтың 61 фактісін тіркеді, оның 35-і ашылды. Іздестіру шараларының арқасында 23 адам ұсталған.
Полицияның айтуынша, жәбірленушілер негізінен қарт адамдар болып отыр, мұндай күмәнді қоңыраулар болғанда дереу полицияға хабарлау қажет.
«Зейнеткерлерге алаяқтықтың басқа да түрлері туралы ескертілді, мысалы алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырады және түрлі сылтаумен шоттардан ақша жымқыратын "AnyDesk", "TeamViewer" тыңшылық қосымшаларын орнатуға, сондай-ақ SMS-парольдер, банк карталарының CVV кодын білуге тырысады», - деді министрлік өкілі.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото piterets.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через