фото: sputnik.kz
Қарағанды қаласындағы арнайы әлеуметтік қызмет орталығында белгісіз заттан уланып қалған балалардың ата-анасы өз болжамдарын айтты.
1 тамызда мүгедек балаларға арналған интернетта жаппай улану туралы ақпарат тарады. 30 шілде күні ауруханаға екі бала түсті, ертесінде 10 бала жеткізілді. Кеше тағы екі бала шұғыл ауруханаға жатқызылды. Бір бала қайтыс болды.
Ата-аналардың айтуынша, балалар дезинфекцияға арналған ерітіндіден улануы мүмкін.
"Олар шайды дезинфекция ерітіндісімен шатастырып алған. Шөлдеген балалар ішіп алған. Сөйтіп бәрі ауруханаға түсті. Кіріп айқайласам, ешкім жауап қатпады. Аяғымды шешіп ішке кірдім. Қарасам, балалар арбасында қолы байлаулы, теледидар қарап отыр. Онда шын мәнінде ешкім балаларға қарамайды", - дейді олар.
Бұдан бөлек, ата-аналар мекеме қызметкерлері жұмысына салғырт қарайтынын айтып, талай шағымданғанын айтып отыр. Тіпті, балалардың аяқ-қолын байлап, теледидардың алдына мәжбүрлеп отырғызып қойғанын өз көзімен көргендер де бар екен.
Ал шенеуніктер бәрін жоққа шығарды. Себебі үнемі тексерістер жүргізіледі. Сондай-ақ, 115 бейнекамера бар.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, нақты диагноз әлі қойылған жоқ.
"Барлық сынама зертханаға жіберілді. Балалар "тамақ токсикоинфекциясы" диагнозымен түскен. Кейіннен ішек инфекциясына ұқсамайтынын анықтадық. Әзірше барлық талдаманың қорытындысы шыққан жоқ, сол себепті нақты неден уланғанын айта алмаймыз", - деді министр.
Айта кетері, қазіргі кезде бұл орталықта 202 балаға арнайы қызмет көрсетілуде. Бір жарымнан 18 жасқа дейінгі балалар тіркелген. Орталықтың директоры міндетін уақытша атқарып отырған басшы мен 12 медицина қызметкері қазір лауазымынан шеттетілген. Мекеменің жылдық бюджеті 1 жарым миллиард теңгенің шамасында.
Мемлекеттік сатып алу сайтына сәйкес, бөлінген қаражаттың басым бөлігі балаларды тамақпен қамтамасыз етуге бағытталып отырған.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через