Қарағанды өңірінде 3 қыркүйекте күзгі аң аулау маусымы басталады

Қарағанды өңірінде 3 қыркүйекте күзгі аң аулау маусымы басталады

Қарағанды облысының бекітілген аңшылық алқаптарында жабайы аңдарды аулаудың күзгі маусымы 3 қыркүйектен басталады. Мамандар қандай жануарды қай кезеңде аулауға болатынын түсіндірді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан мәлім еткендей, қыркүйектің бірінші сенбісі, яғни 3-інен бастап 15 желтоқсанға дейін қаз, үйрек пен қасқалдақты аулауға болады. Ал, шілді 30 қарашаға дейін, қабанды 31 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат.

Қара торғайды 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін аулауға болады.

Борсықты 1 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін оңтүстік аймақ бойынша, 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін солтүстік аймақ бойынша аулауға рұқсат беріледі.

Қоян (ақ қоян, қоңыр қоян), қарсақ пен түлкіні аулауға 1 қарашадан 15 ақпанға дейін шығуға болады.

Айта кетсек, суырды аулау мерзімі 5 маусымнан бастап оңтүстік аймақта жайғасқанға дейін, 15 маусымнан бастап солтүстік аймақта жайғасқанға дейін белгіленген.

Ал, Сібір елігін аулауға 15 шілдеден бастап рұқсат бар, бірақ оның ұрғашысы мен төлін 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін ғана аулауға болады.

«Сібір елігін аулау тиісті аңшылық шаруашылығы субъектісі қорықшысының қатысуымен және аң аулаудың белгіленген ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, Қарағанды облысының мемлекеттік қорықшасы, табиғи резерваты, аңшылық алқаптарының резервтік қоры аумақтарында аң аулауға тыйым салынады», - деп хабарлады басқармадан.

Kazinform.kz