фото: Бақ кз
Белгілі мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев еліміздегі мектептерге салт-дәстүрлер пәні енгізіліп, онда қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптары туралы терең мәлімет беру керек деп есептейді.
Бұл туралы ол Сенат қабырғасында өткен «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» тақырыбына арналған «Ұлттық мүдде» диалог алаңында айтты.
Біз өзге ұлттың дәстүрі мен киім үлгісін дәріптемей, өзіміздің ұлттық дәстүрге бет бұруымыз керек. Ол үшін мектептерге оқыту тілі қандай екеніне қарамастан салт-дәстүрлер пәні енгізу қажет. Бұл сабақ аптасына екі рет өтуге тиіс деп ойлаймын. Себебі, қазақ дәстүріндегі қыз баланың орны, оның киім үлгісі, ата-анаға деген құрмет сияқты тәрбиелік мәндегі құндылықтар балаға кішкентайынан түсіндірілетін болса, біз бір менталитетті қоғам қалыптастыра алатын едік, – деді Қанат Айтбаев.
Жиынға қатысқан «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өтенің айтуынша, ұлттық құндылықтарды жастардың бойын сіңіруде сапалы контент қалыптастыру маңызды.
Жастардың бойына ұлттық менталитетті сіңіру мәселесінде заманауи, тартымды, балалардың жас ерекшеліктеріне сай контенттер жасау қажет. Ұстаз ретінде бұл қадамның мемлекеттік деңгейде жасалуы аса маңызды дер едім. Жапония бұл мәселені уақытында түсініп, өзінің Уолт Диснейін құрды. Наруто сияқты бірқатар ұлттық кейіпкерлері арқылы өздерінің мәдениеттерін дәріптеді. Әртүрлі комикстерді, әлеуметтік желідегі дүниелерді аудиторияның жас ерекшеліктеріне сай дамытып, өз жастарына ғана емес, бүкіл әлемге мәдениетін, дәстүрін насихаттап жатыр. Егер біз осы мәселені қолға алып, қазірден бастап жұмыс жасамасақ, кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды түсіндіру қиын болады, – деді Дархан Өте.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через