Қала баласы ойнаудан да қалып барады

Қала баласы ойнаудан да қалып барады
фото: https://egemen.kz/

Қала баласы ойнаудан да қалып барады

    Қазіргінің баласы асық атып, асыр салып ойнамайды. Бұрынғыдай ағашты ат қып мінбейді. Ертегі тыңдап өспегеннен кейін ертедегі батырларға еліктемейді. Есесіне есіл-дерті – теледидарға телміру, гаджетке үңілу. Қала баласы да, дала баласы да сондай қазір. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы балалар күніне орта есеппен кемі 3-4 сағат белсенді дене қимыл ойындарымен айналысуы керек. Ал қазақстандық 70,66% өсіпірімнің далада ойнау уақыты бір сағатқа да жетпейді екен.

Қимыл-қозғалыс жетіспейді

Елдің денсаулығын қадағалайтын жаһандық ұйым балалардың семіздігі індетке айналғанын айтып, көптен бері дабыл қағып келеді. Жыл сайын орта есеппен 2,8 млн адам артық салмақтан қайтыс болады. Әсіресе, Орталық Азия мен Еуропа елдерінде балалар арасында семіздікке шалдыққандар көп. Мамандардың болжамына сенсек, 2025 жылға қарай мектепке дейінгі семіз балалар саны 70 млн-ға жету қаупі бар көрінеді.

Ал Қазақстанда 2030 жылға қарай 5-19 жас аралығындағы 536 906 адам артық салмақтан зардап шегуі мүмкін. Бұл сан 2016 жылдың өзінде 271 624-ке жеткен. Қазірдің өзінде балалардың 19,1%-ы семіздікке душар болған. Оның негізгі себептерінің бірі дене қозғалысының аздығы, дейді мамандар. Осы мәселені ескерген еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, қазақстандық жеткіншектер дене қимылында қаншалықты белсенді екенін зерттеген еді.

Ұйымның бізге жіберген ақпараты бойынша, 15 елде атап айтқанда, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Латвия, Грузия, Чехия және басқасында жас балалардың 82-98%-ы күніне 1 сағатқа жетер-жетпес ойнайды екен.

Балалардың дене қимыл-қозғалысымен айналысу деңгейі бойынша рейтинг жариялаған мамандар Тәжікстан балаларының 94%-ы жаяу көп жүретінін анықтаған. Ал Португалия, Мальта және Ирландияда шәкірттердің небәрі 20%-ы ғана қозғалыстың белсенді тәсілдерін пайдаланатыны көрсетілген.

Қазақстандық жеткіншектердің біршама бөлігі бұрын мектепке велосипедпен немесе жаяу келсе, қазір отбасыларда жекеменшік көліктердің көбеюі мен мектепке автобустарының сатып алынуы бұл көрсеткішті едәуір төмендетіп жіберіпті. Ол ол ма, қазақстандық балақайлардың ішінде ешқандай спорт түрімен шұғылданбайтын балалар да көп. Бұл, әсіресе, ауыл балаларына тән. Сондықтан мамандар әр ата-ана балалардың дұрыс тамақтануын қадағалап қана қоймай, дене қимыл-қозғалысымен белсенді шұғылдануына, таза ауада көбірек серуендеуіне ерекше көңіл бөлуге кеңес береді.

Ойын ой-өрісті  дамытады

Балалардың компьютер ойындарына тәуелділігін зерттеп жүрген белгілі психолог Лимана Қойшиева ойын баланың өмірінде ерекше орын алатынын айтты. «Қазақ халқы балалардың ой-өрісін, қоршаған орта туралы танымын кеңейту үшін мән-мағынасы терең көптеген ойын түрін ойлап тапқанын тарихтан жақсы білеміз. Ойын жеткіншектің шығармашылығын шыңдайды, жеке қасиеттерін ұштайды, мінез-құлқын қалыптастыруға жол салады. Басқалармен тіл табысуға үйретіп, бәріне ортақ қағидаттар мен ережелерге бағынуға икемдейді», дейді психолог өзінің зерттеуінде.

 Л.Қойшиеваның пікірінше, кіш­кентайынан ойнап өспеген балалардың мінез-құлқында өзгешеліктер болады. Мысалы, ата-анасы баласымен бірге ойнамауы былай тұрсын, оларға қаталдық танытып, ашық сөйлеспей, үнемі ұрсып, зекіп отырса, ондай бала жасық, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Өзімен-өзі болып өскен жеткіншек адаммен араласа қоймайтын томаға-тұйық, агрессивті келеді. Баланы дер кезінде қолға алмаса, мұндай бұйығы мінез жасөспірім шақта өшпенділікке, қаскөйлікке ұласуы мүмкін.

 Иә, ойын балаға ауадай қажет. Бірақ қазіргі баланың ойыны бұрынғыға ұқсамайды. Бүгінгінің  баласы  асық ойнамайды, асыр салып далада жүрмейді. Қазіргі балалар компьютерге телміріп, ғаламторға шырмалып, үйде отырғанды тәуір көреді. Соңғы кезде ғалымдар ғаламторға тәуелділікті аурудың қатарына жатқызуды ұсынып жүр. Әлемнің көптеген елдерінде тәуелділік синдромы ауру ретінде зерттеле де бастады. Психологтің айтуына қарағанда, ғаламторға, компьютерге тәуелділік те ауру. Өйткені оған берілген адамның бойында мазасыздық, агрессия, депрессия секілді психикалық ауытқулар байқалады. Бұл жерде ата-ананың аңғарымпаздығы керек-ақ.

Әрине, компьютер ойындарын ойнауды мүлде тыйып тастауға болмайды. Тыйым салу мәселені шешпейді. Ең бастысы ақылмен шешім қабылдау. «Ойындарды баланың жас ерекшелігіне сай сауатты іріктеу керек. Кейбір үлкендер жан тыныштығын ойлап, баласының компьютерде отырған уақытын шектей бермейді. Бұл – ең үлкен қателік. Компьютерді  уақытымен, орнымен қолданғанда ғана оған тәуелділік болмайды. Ол үшін баланың күнделікті уақытын тиімді өткізуін назарда ұстау қажет. Белгілі бір мерзімде компьютерде отырсын, одан кейінгі уақытта басқа іспен шұғылдануына баса көңіл аударған жөн. Әсіресе, қимыл-қозғалысты қажет ететін ойындар баланы сергітеді, көңіл күйін көтереді. Қатарластарымен желіде тілдескеннен гөрі аулада ойнағаны, серуендегені жеткіншекке әлдеқайда тиімді», дейді психолог.

Жазғы лагерь мен «Жасыл ел»

Қазір мектеп оқушылары жазғы демалысқа шықты. Ендігі мәселе – жеткіншектердің бос уақытын дұрыс ұйымдастыра білу. Жергілікті білім ұйымдары өспірімдердің уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін бірталай іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Ата-аналарды құлақтандыру үшін солардың бастысына тоқтала кетейік. Олардың басты мақсаты – балалар арасындағы белсенділікті арттыру, саламатты өмір салтына баулу.

Елордалық 92 мектептің жанында бүгінде жазғы лагерьлер ұйымдастырылған. Оның алғашқы маусымы 30 мамырдан басталып кетті. Ұзақтығы – 10 маусымға дейін. Мектепішілік лагерьдің екінші кезеңі 13-24 мау­сым аралығында өтеді. Мұнда екі мезгіл тамақтану бар. Әрі балалар лагерь кезінде далада серуендеп, жаттығулар жасап, қаланың көрнекті орындарын аралайды. Бағасы да қолжетімді. Мысалы, қаланың №8 мектебінде 10 күндік лагерь небәрі – 4 500 теңге.

Сондай-ақ бас қаланың балалары әл-Фараби және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайына барып, жаз бойы жұмыс істейтін лагерьлерге жазылуға болады. Мұнда жазғы демалыс академиясы мен 7-11 жас аралығындағы балаларға арналған жазғы шығармашылық мектебі жұмыс істейді. Жеткіншектер актерлік шеберлік, сурет салу, вокал сабақтарынан дәрістер алып қана қоймай, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгере алады.

Жазда ересек балаларға арналған «Жасыл ел» жасағы жұмыс істейтінінен жұртшылық хабардар болар. Бүгінде осы көгалдандыру бағдарламасы бойынша қалалық әкімдік тарапынан 2,8 мыңнан астам жеткіншек жұмысқа орналасты. Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қорының жетекшісі Марат Мұхамеджанұлының айтуынша, биыл 14-29 жас аралығындағы елордалық жастарға 1 200 орын бөлінген. Олардың «Жасыл елде» бір ай бойы еңбек етіп, 64 564 теңге алуға мүмкіндігі бар. Бірақ жасаққа көпбалалы, толық емес отбасылардың және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары бірініші кезекте қабылданады. «Жасыл елде» еңбек ететін оқушылар мектеп маңайында жұмыс істейді. Егер қаласа, студенттермен бірге саябақтарды, скверлерді көгалдандыруға қатыса алады. Бұл жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. 18 жасқа толмаған балалар күніне 4 сағаттан артық жұмыс істемейді және аптасына бес күн ғана еңбек етеді. Қалған күндері демалады.

Ертеңіміздің жарқын болуы балаларымыздың тәрбиесіне, санасына көп байланысты екені анық. Сондықтан әр ата-ана ұрпағының ұлағатты да көргенді болуына барын салуы қажет. Ата-ана баланы тәрбиелейтіні рас, бірақ бала да өзінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен ата-ананы тәрбиелейтінін естен шығармаған ләзім.

Мәтіндегі ақпарат туралы