Соңғы күндері балағатқа жауапкершілік күшеюіне байланысты түрлі сұрақтар көбейді.
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөз айтқандарға қарастырылатын жаза түрлері жайында айтып берді.
- Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады?
– Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыс көзделген.
Ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды.
- Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді?
– Иә, осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейеді. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларды сыйламайтынын білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөз айтқан жағдайда айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
- Егер біреу келіп, мені бәленше балағаттады деп айтса, айыппұл салына ма?
– Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдеме жинайды. Бұл -азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио, видеотүсірілім, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы. Құқықтық бағаны сот береді.
- Жеке меншікте, яғни үйде, көлікте айтылған балағат үшін жазалай ма?
– Атап өткенімдей, бәрі мән-жайға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу - міндетті шарт болып табылады.
- Әлеуметтік желідегі балағат үшін қалай айыппұл салады?
- Әлеуметтік желіде балағат сөздер айтқаны үшін, бұндай әрекет қоғамдық орында немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.
- Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады?
– Жалпы, жоғарыда аталған жағдайлар болған кезде қай тілде болса да, балағат айтқаны үшін жауапкершілік туындайды.
Еске сала кетейік, қоғамдық орында балағат сөз айту және басқа да ұсақ бұзақылық үшін 69 мың теңге көлемінде айыппұл немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы бекітілген.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: zaryasa.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через