фото: sputnik.kz
Шымкент соты интернет арқылы порнография таратқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысын 12 жылға соттады, деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың шілдесінде полиция әлеуметтік желіге жүргізген мониторинг барысында онлайн трансляция жасайтын порностудияны анықтаған. Полицейлер жарты жыл ішінде барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде тергеушілер Алматы, Астана және Шымкент қалаларының 10 тұрғынын қолға түсірді: оның 5-уі Қырғызстан, ал қалған 5-уі Қазақстан азаматтары.
Полиция оларды жалдамалы пәтерлерде ұстаған. Тінту кезінде күдіктілерден 44 мың АҚШ доллары және Алматыдағы жылжымайтын мүлік пен есірткі де тәркілеген.
"Ірі қалалардағы жалдамалы пәтерлерде жабдықталған 10-нан астам веб-порно-студиялар әшкереленді.Онда 50-ге жуық қыз жұмыс істеген, оның ішінде екеуі кәмелетке толмаған. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚК-нің бес бабына сәйкес 9 айдан астам уақыт бойы жүргізілді, оның ішінде "Кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді дайындауға тарту", "Ұйымдасқан топты құру және басқару", "Порнографиялық материалдарды заңсыз тарату" және "Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және олардың айналымы немесе порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуы"", – делінген хабарламада.
Бұндай онлайн режимде жұмыс істейтін порно-студия Қазақстанда бірінші рет анықталып тұр. Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер куәгер ретінде 50-ден астам адамнан жауап алған.
"Қылмыскерлер өздерінің қылмыстық әрекеттеріне қашықтан ағылшын тілінен орыс тіліне аудармашы-операторларды тартқан. Өйткені, аталған веб-порно-студияның аудиториясы негізінен шетел азаматтары болған және қызмет ақысын шетел валютасымен төлеген. 25 жастағы Қырғызстан азаматы Әлішер Шаршеналиев осы трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырып, басқарған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесінің міндетін өзі бөліп берген", - дейді Талғат Әбуов.
Порностудияға бет-әлпеті сүйкімді қыздарды тартқан.
"Жоғары жалақыны уәде етіп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан келбеті сүйкімді қыздарды жұмысқа алған. Әрбір қыз белгілі бір қатаң ережелерге бағынған. Кез келген заңбұзушылық үшін үлкен айыппұлдар төлеген. Нәтижесінде тергеу тобы қылмыстық істің 186 беттен тұратын 167 томын жинаған. Яғни, көп томдық іс жалпы 31 мыңнан астам бетті құрады", – дейді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары.
Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Әлішер Шаршеналиевтің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға сотталды және оның қылмыстық тобының мүшелері 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
© Photo : Pexels / Tima Miroshnichenko
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через