фото: tengrinews.kz
Полиция жол қозғалысын заңсыз шектегені үшін жауапкершілік барын ескертеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы уақытта қоғам назарын аудару мақсатында жолдарды жабу деректері кездеседі. Алайда мұндай акцияларды өткізу заңсыз болып табылады.
"Мәселен, таяуда Алматыда River Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуды қосу талаптарымен Мақатаев көшесін жауып тастады. Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, жол жүрісіне кедергі келтіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау болып саналады. Бұл жағдайды тұрғындар тиісті органдармен және қызмет көрсететін ұйымдармен заң шеңберінде, сондай-ақ митинг ұйымдастыру туралы Заңның талаптарын сақтай отырып, оны алдын ала жергілікті атқарушы органға хабарлау арқылы шешуі қажет болатын", – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Осылайша бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа азаматтарға қолайсыздық туғызды. Осыған байланысты төрт азаматқа қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
"Акцияның басқа тоғыз қатысушысы көлік құралдарының жүрісіне кедергі жасағаны үшін Кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Естеріңізге сала кетейік, заңсыз наразылық акцияларын ұйымдастыру және өткізу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через