Pfizer мен AstraZeneca елімізде өз өндірісін ашуды жоспарлап отыр

Pfizer мен AstraZeneca елімізде өз өндірісін ашуды жоспарлап отыр
фото: sputnik.kz

Қазақстан үкіметі мемлекеттік қолдау шараларының пакеттерін ұсына отырып, фармацевтикалық индустрияның әлемдік ірі өкілдерімен белсенді іскерлік байланыстарды арттырады.

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

"Pfizer компаниясымен Дәрі-дәрмек өндірісін локализациялау бойынша инвестициялық келісім жасау жоспарланып отыр. AstraZeneca компаниясымен инвестиция көлемі 32 млн доллар болатын бірегей дәрілік заттардың келісімшарттық өндірісін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", - деп хабарлайды премьер-министр сайты.

Сондай-ақ Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапары барысында GE Healthcare компаниясымен құны 60 млн доллар болатын медициналық техника өндірісін локализациялау жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.

Roche компаниясымен 2,5 млн долларға бірқатар жоба пысықталып жатыр. Оңтүстік Корея, Түркия, Египет және Израиль инвесторларымен келісім-шарттық өндіріс жобалары жүзеге асырылуда.

"Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

ҚазАқпарат