Петропавл маңындағы халықаралық тасжолды су басты

Петропавл маңындағы халықаралық тасжолды су басты
фото: sputnik.kz

Петропавл қаласына жақын жерде халықаралық маңызы бар жолды су басты.

Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, Заречный кенті арқылы өтетін жолды су басып қалған.

"16 сәуірде Есіл өзеніндегі судың тасуына байланысты "Ресей шекарасы (Челябіге қарай) – Ресей Федерациясының шекарасы (Новосібірге қарай)" бағытындағы М-51 автомобиль жолының 528-ші шақырымында жол учаскесін (ені - 8 метр, ұзындығы - 80 мет, биіктігі - 5 сантиметр) су басты", - дейді мамандар.

Ол жерді жыл сайын су басып тұрады. Қазіргі кезде қауіпсіз көлік қозғалысын ұйымдастыру үшін арнайы белгілер қойылды. Айналма жолдың тақтасы да орнатылды.

Қазгидрометтің ақпараты бойынша бір тәулік ішінде Есіл өзенінің деңгейі 27 сантиметрге көтеріліп, 978 сантиметрге дейін жетті. Қауіпті деңгейі – 1 050 сантиметр. Оған жеткенде саяжайларды су басады.

Қазақпарат